Аталмыш материалда еліміздің медицина саласында жасалып жатқан жаңа реформаларға сәйкес, емханаға тіркеу мен жедел жәрдем қызметінің қандай тәртіппен жүзеге асырылатыны көрсетілген.
«Жыл сайын қыркүйек-қараша аралығында емханаға тіркеу науқаны ұйымдастырылады. Соңғы екі жылда дәстүрлі науқанды Медициналық сақтандыру қоры өткізді. Осыған қарай, біз тұрғындарды мүмкіндігінше үйлеріне жақын маңдағы емханаларға тіркелу қажет екендігін ескертіп жатырмыз. Мұның себебі жедел жәрдем қызметінің тиімділігімен байланысты. Біріншіден, бұл үйде кішкентай бала немесе қарт кісілер ауырып қалған жағдайда дәрігер шақыруға ыңғайлы. Екіншіден, жедел жәрдем саласындағы соңғы реформаларға байланысты енді 4-ші санаттағы шақыртулар бойынша қызметті жергілікті емханалар көрсетеді», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева.
Оның сөзінше, өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем жүйесін реформалауға кірісті.
«Аталған реформа бойынша жеделдігі жағынан 4-ші санатқа жататын шақыртулар жергілікті емханаларға берілді»,-дейді маман.