Жедел жәрдем стансасы Мәдина Сәдуақасоваға жауап қайтарды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық жедел жәрдем стансасының әкімшілігі әнші Мәдина Сәдуақасованың сынына қатысты жауап қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке аккаунтында Мәдина Сәдуақасова жол талғамайтын көлігіне автобус келіп соғылғаны туралы жазған. Алайда бұл оқиғада әншіні ашуландырған апатқа кінәлі адам емес. Ол жедел жәрдемге хабарласып, автобуста зардап шеккен жолаушы әйелге көмек беруді өтінген. Алайда жедел жәрдем диспетчерлерінің әрекеті әншінің шамына тиді.

«103 нөміріне телефон шалсам, тұтқаны ұзақ көтермеді, сосын жауап берген диспетчер маған өте көп сұрақ қойды. Ол аз болғандай, «медициналық көмек шынымен керек пе?» деп өзінен сұрау үшін зардап шеккен әйелдің нөмірін сұрады. Мен зардап шеккен әйел туралы және апат орнын хабарладым. Менен «Алдыңызда үш аюды көріп отырсыз ба?» деп сұрағанда, тіпті ашуландым. Оқиға орнына келіп, Жансаяны алып кеткен жедел жәрдем қызметкерлеріне рахмет. Оның және автобуста зардап шеккен тағы бір әйелдің жағдайы жақсы деп үміттенем», - деп жазды әнші.

Алматы қалалық жедел жәрдем стансасының әкімшілігі жағдайды түсіндіріп өтті.

«2018 жылдың 23 қазанында жедел медициналық жәрдем пультіне сағат 13:01-де Достық даңғылы мен Жамбыл көшесінің қиылысында орын алған жол-көлік апаты туралы хабар келіп түсті. Бригада cағат 13:04-те жіберілді. Бригада оқиға орнына сағат 13:13-те, яғни 9 минут ішінде жеткен» - деп баяндады Жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметінен.    

Дәрігерлер сондай-ақ, зардап шеккен әйелдің Алматы көпсалалы клдиникалық ауруханасына жеткізілгенін айтты.

«Оған «иықтың соғылуы, ерін мен бет жарақаты» алдын ала диагнозы қойылды. Жедел жәрдем бригадасын кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам шақыртқанын, оның жол апатының орнын көпке дейін түсіндіре алмағанын атап өту керек. Олай болғанымен, жедел жәрдем қызметкерлері жылдам жетіп, тиісті медициналық көмекті дер кезінде көрсетті», - деп мәлімдеді ұйым.

«103» нөміріне хабарласқан адамдармен сөйлесу бірден жазылып, ақпараттық-диспетчерлік бөлім базасында сақталатынын еске салғымыз келеді. Аталған шақыру да базада тіркелген» - деді Жедел жәрдем әкімшілігінен. 

Еске сала кетейік, 23 қазан күні қазақстандық әнші Мәдина Сәдуақасованың жаяу жүргіншілер жолағында тұрған көлігіне автобус соғылған болатын.