Жеке автопарктер барлық проблеманы мемлекетке аудара салады - Бауыржан Байбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек қоғамдық көлік жүргізушілерін оқытатын Қазақстандағы алғашқы көлік мамандарының біліктілігі жөніндегі орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біліктілік жөніндегі орталықта болған Алматы әкімі автопарктер басшыларының назарын көліктерді  модернизациялауға, сапалы қызмет пен қауіпсіздікке аударды.

«Жеке автопарктер қожайындары барлық проблеманы мемлекетке аудара салып, өздерінің жылжымалы составтарын жаңартуға асықпайды. Бензин мен дизельге жақсы бағалар болғанда бизнес қайда қарады? Олар осы ортадағы қаржыны өзге салаларға аударды, сондықтан көлеңкелі жайттарға кеткен қалалықтардың ақшасына субсидия бөлмейміз», - деді Б.Байбек.

Жаңа орталықта жалпы білім беретін заманауи оқу аудиториялары,  емтихан тапсыратын компьютерлік сыныптар, тренажерлі кабинеттер, жүргізушінің психикалық сараптамасы мен этикасы бойынша бөлме бар, сонымен қатар мұндағы мамандар жүргізушілерге алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін де үйретеді.

Орталық директоры Роза Бадаева «D» категориялы жүргізушілерге 16 маманның дәріс оқитынын айтты. Ең бастысы, мұнда қаланың негізгі   тасымалдаушыларымен келісім жасалған.

Қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова  орталықта білімдерін жетілдіруге көлік айдап жүрген жүргізушілермен қатар сырттай ізденушілердің де қызығушылық танытып отырғандығын айтты.

Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 300 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі кезде троллейбус жүргізетін 15 адам мен  автобус жүргізетін 15 маман білімдерін жетілдіруде.

Атап өтерлік жайт, биылғы жылдың жаз айларында да қала көлігін реформалау (жаңа жолақтар, қолайлы жол бөліктері, біржақты көше, т.б.) жұмыстары одан әрі жалғасады. Бұдан өзге, қаланың автобус паркі тауға жүретін жаңа 60 көлік бірлігімен толығып, 40 эвакуатор сатып алынады.