Жеке деректер таралып кеткеннен кейін қазақстандықтар ЖСН-ін қайта жасатуы қажет пе
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан тұрғындары 2024» атауымен тіркелген жаңа ауқымды дерекқор интернет кеңістігіне тарап кеткені белгілі. Осыған байланысты азаматтар ЖСН-дерін қайта жасатып, мәліметтерін жаңартуы қажет пе? Бұл сауалға Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков жауап берді.
— ЖСН-ді қайта жасатудың еш мәні жоқ. Өйткені, бұл сәйкестендіру нөмірі. Кредит пен алаяқтарға келер болсақ, бұл бағытта әріптестерімізбен бірге жұмыс істедік. Egov-та «стоп-кредит» қызметі бар. Онда сіз өзіңізді аталған тізілімге тіркей аласыз және ешкім атыңыздан несие рәсімдей алмайды. Өзіңіз ғана рұқат бергенде ғана рәсімделеді. Сондықтан бәрі де қорғалған, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, алаяқтық тәуекелдерін төмендету үшін қауіпсіздіктің белгілі бір ережелерін сақтау аса маңызды.
— Ешкімге сенбеу, қосымша келетін смс-кодты ешкімге айтпау аса маңызды. Смс-кодты мемлекеттік қызметтер алған кезде ғана көрсете аласыз. Өзіңізді қорғау маңызды. 1414 нөмірінен келген смс-кодты ешкімге жібермеу керек. Ең дұрысы қорғану және «стоп-кредит» қызметін падалану, — деді вице-министр.
Бұған дейін қазақстандықтардың жеке деректер қайдан тарап кеткені жөнінде жорамал айтылған еді.
Сонымен қатар жеке деректердің таралуына қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Роман Скляр қазақстандықтардың жеке деректерінің ұрлануы туралы пікір білдірген болатын.