Жеке деректерді жария етпеңіз: ІІМ ескерту жасады

Фото: ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы уақытта интернет және мобильдік алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Осыған байланысты ішкі істер органдары азаматтарға киберқауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.

Полиция таратқан мәліметке сәйкес, алаяқтар көбіне адамдардың сеніміне кіріп, жеке мәліметтерін алудың түрлі айла-тәсілдерін қолданады.

Төменде кибералаяқтықтан сақтануға көмектесетін кеңестер берілген:

  • SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының CVV және PIN-кодын, онлайн-банкинг логині мен паролін ешкімге жария етпеңіз;
  • Белгісіз немесе күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
  • Бейтаныс нөмірлерден қоңырау түссе, оларға қайта хабарласудан аулақ болыңыз;
  • Банк, «Қазпошта» және өзге де ресми ұйымдар ешқашан телефон арқылы ақша аударуды немесе жеке деректерді сұрамайды;
  • Егер сізге айтылған ақпарат күдік тудырса, әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми байланыс орталығына хабарласыңыз.

- Егер сіз алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз немесе осындай әрекетке тап болсаңыз, дереу полицияға немесе «102» нөміріне хабарласыңыз, - делінген ақпаратта.

Құқық қорғау органдары киберқауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға және бөгде адамдарға жеке мәліметтерді бермеуге шақырады.

Айта кетейік, Атырауда жыл басынан бері киберқылмысқа байланысты 50-ге жуық күдікті ұсталды.