Жеке деректеріңіз тараса не істеу керек — заңгерден кеңес

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жеке деректердің қауіпсіздігі мәселесі қайтадан қоғам назарын аударды. Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында заң ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Ақылбай азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесіне тоқталып, алаяқтық тәуекелдерінен сақтану жолдарын айтты.

Фото: Анадолы

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жеке деректерді қорғауға қатысты заңнама бұрыннан бар болғанымен, бұл бағыттағы мәселелер әлі толық шешілген жоқ.

Видеодан алынған скрин

— Конституцияда әр азаматтың жеке өміріне қол сұғылмайтыны нақты көрсетілген. Арнайы заң да қабылданған. Бірақ соған қарамастан азаматтардың деректерінің таралуы тоқтамай тұр. Ең басты мәселе — жауапкершілік мәселесі. Ақпараттың сақталуына нақты кім жауап береді деген сұраққа қоғам толық жауап алып отырған жоқ, — дейді Серік Ақылбай.

Профессордың айтуынша, ұрланған деректер көбіне алаяқтық схемаларда пайдаланылады. Қазір қазақстандықтарға шетелден хабарласып, аты-жөнін, мекенжайын немесе басқа да жеке мәліметтерін айтып сенімге кіретін жағдайлар жиілеген.

— Жеке деректер жайдан-жай ұрланбайды. Оны белгілі бір мақсатта пайдаланады. Кей жағдайда адамдардың банктік шоттарына қол жеткізуге тырысады. Сондықтан кез келген азамат өз мәліметтерін кімге және қандай мақсатта беріп жатқанын түсінуі керек, — дейді ол.

Маманның пікірінше, көптеген адам ЖСН, телефон нөмірі немесе жеке құжаттағы мәліметтерді сұраған кез келген адамға бере салады. Ал бұл ақпарат кейін алаяқтардың қолына түсуі мүмкін.

— Құқықтық мәдениетімізді көтеруіміз керек. Әркім өз құқығын білуге міндетті. ЖСН немесе басқа да жеке мәліметтерді заңды негізсіз талап еткен жағдайда оның себебін сұрау қажет. Азаматтар сақ болған сайын мұндай қауіптердің алдын алуға мүмкіндік артады, — дейді заңгер.

Айта кетейік, Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі коллекторлар 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегін қолды еткенін хабарлаған еді.

Жетісу облысы прокуратурасының өкілі Адай Құтымов қазіргі уақытта жеке деректердің таралуына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын айтты.

Видеодан алынған скрин

— Тергеп тексеру амалдары жүрігізіліп жатыр. Қазіргі таңда сот сараптамалары тағайындалған және нақты қорытындылар кейінірек жарияланады. Тергеу аясында 4 тұлғаның жауапкершілігі қарастылды, — деп нақтылады ол.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде жеке мәліметтердің қауіпсіздігі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Сондықтан күмәнді қоңырауларға сенбеу, бөтен адамдарға жеке деректерді бермеу және заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну азаматтардың негізгі қорғаныс тәсілі болып қала береді.

Бұған дейін, Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы алаяқтық жасаған.