Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуда жауапкершілік күшейтілді - ҚР АШМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы жан-жақты қоғамдық талқылаудан кейін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына жіберілді. Айта кету керек, заң жобасының кейбір тұстары мен нормалары қоғам арасында көптеген сұрақтар туғызды, бірақ жеке қосалқы шаруашылықтар қызметінің заңнамалық негіздерінің қажеттілігі айқын көрінді. Бүгінде елімізде шамамен 1,6 млн ЖҚШ бар, олар 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 трлн теңге ауыл шаруашылығы өнімін өндірді немесе 41,5%. Бұл ретте қызметтің бұл түрі жеке заңнамалық актімен реттелмеген, олардың мәртебесі анықталмаған», - делінген министрлік мәліметінде.

Заң жобасы мүдделі органдармен бірге қаралып, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен, фермерлермен, бизнес қоғамдастықпен, белсенді азаматтармен және тікелей ауылдық елді мекендердің тұрғындарымен жария талқылаудың барлық кезеңдерінен өтті. Нәтижесінде 1600-ден астам ұсыныс пен ескерту келіп түсті.

«Аталған жұмыстың қорытындысы бойынша заң жобасы келіп түскен пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, бірнеше рет пысықталды. Заңның қорытынды жобасы айтарлықтай нақтыланып, жеке қосалқы шаруашылыққа нақты түсінік берілді және оның мәртебесі кәсіпкерлік емес қызмет түрі ретінде анықталды. Жергілікті атқарушы органдарға жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін жағдай жасау бөлігінде нақты қосымша өкілеттіктер берілген, ең алдымен, бұл жайылымдық және шабындық алқаптармен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты. Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту мәселелері бойынша жауапкершілік күшейтілді, осы мәселе бойынша ауыл тұрғындары алдында әкімдердің есеп беру нормасы енгізілді», - делінген хабарламада.

Аталған заңды қабылдау жеке қосалқы шаруашылықтарға олардың кооперативтері арқылы жүргізілетін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің заңнамалық негізін қалауға мүмкіндік береді. Мұндағы басты мәселе - кооперативтердің өз мүшелеріне көрсететін қызметтерінің құнын субсидиялау.