Жеке мектептегі буллинг туралы іс тоқтатылды – полиция

Коллаж: Kazinform / Freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы жеке мектептердің бірінде кәмелетке толмаған оқушыға қатысты буллинг болды деген ақпарат бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, іс Наурызбай аудандық Полиция басқармасында тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Алайда тексеру барысында аталған деректер расталмаған, буллинг фактілері анықталмаған.

– Осыған байланысты қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Қабылданған шешім прокуратура органдарымен келісілген, - делінген хабарламада.

Полиция департаменті азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты, тексерілмеген ақпаратты таратпауға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін баланың әкесі Қанат Әміркин әлеуметтік желіде оқиға туралы жазба жариялаған. Оның айтуынша, қызы жансақтау бөліміне түскен. Әкесі болған жайтқа жеке мектептегі жағдай себеп болды деп есептейді және баласына психологиялық қысым көрсетілгенін айтты.

Кейінірек Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Диана Ерлан жеке мектептердің бірінде оқитын, суицид жасауға әрекеттеніп, кейін ауруханаға жеткізілген оқушы қыздың жағдайына қатысты түсінік берді.

Ал Алматының Білім басқармасы арнайы мониторинг тобы құрылғанын хабарлады.