Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды — Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Фото: Ақорда

— Жемқорлардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы жоқ. Бұл — өте маңызды жаңашылдық деп ойлаймын.

«Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деген бап та әділдік қағидатына толық сай келеді. Жаңа Конституция жобасында «Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi» деп нақты жазылған.

Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, сондай-ақ Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді.

Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Бұл жерде тек жеке салымдар мен жазысқан хаттардың құпиясын заңмен қорғау туралы сөз болып отырған жоқ.

Банк операцияларының, дербес деректердің құпиялығын қамтамасыз ету Конституция бойынша қорғалады. Цифрлық технология мен қаржы секторы қарыштап дамыған қазіргі заманда бұл өзекті мәселеге айналды.

Бұдан бөлек, Қазақстанда дербес деректер мен цифрлық құқықтың қорғалуына кепілдік беруді Негізгі заң деңгейінде бекіту жоспарланып отыр, — деді ол. 

Президент мемлекеттің, әсіресе, білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие екенін айтты.

— Алғаш рет білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде танылмақ. Мемлекеттің, әсіресе, білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие.

Біз төрткүл дүниенің дарындарын өзімізге тартып, инвестициясын игеретін мықты елге айнала аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Бұл — адам капиталының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі.

Сондықтан зияткерлік меншікті тұңғыш рет Конституция деңгейінде қорғау ұсынылып отыр. Бұл, өз кезегінде, креативті экономиканың дамуына тың серпін береді.

«Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды» деген норма енгізілді.

Осылайша, біз тұрақты әрі түсінікті құқықтық, инвестициялық орта қалыптастырамыз. Азаматтарымыз өз құқы бұзылмайтынын, қорғалатынын біліп, олардың алаңсыз өмір сүруіне және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады, — деді Президент.

Сонымен қатар жекелеген аумақтар мен «қарқынды дамитын қалалар» үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылып отыр.

— Осы нормаға байланысты еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген қауесет тарай бастады. Әдетте мұндай ауыр айыптауды әлемдік тәжірибеден мақұрым, заңнамалық сауаты жоқ адамдар айтады.

Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген.

Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық, — деді Тоқаев.

Айта кетелік Президент қатысуымен мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр