Жеке сектор отандық ғалымдардың жобаларына қаржыны еселеп салуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда отандық ғалымдардың жобаларына жеке сектордың инвестициясы үш есеге артты. Бұл туралы Сенатта ғылыми мәселелерге арналған «дөңгелек үстел» отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коммерцияландырудың гранттық жобалары аясында 2016 жылы 712 млн теңге жеке инвестиция тартылса, бірлесіп қаржыландыру үлесі 8 пайызды құрады. Ал биыл жеке сектор тарапынан өздерінің қаржыларын салу сомасы үш есеге артып, 2,5 млрд теңгеден асып түсті. Сонымен қатар, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін жүзеге асыру мен коммерцияландыру үшін жеке бизнес жағынан бірлесіп қаржыландыру үлесі 13 пайызға жетті», - деді А. Аймағамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, министрлік өз алдына дәл осы мақсатқа жету міндетін қойған болатын.

«Дүниежүзілік банктің жобасы аясында өндірістік сектордың консорциумдары бойынша 2,6 млрд теңге сомаға 6 жоба іріктелді. Олардың мақсаты ғылыммен бірлесе өндірістік сектордың жүйелік міндеттерін шешуге негізделген. Осы орайда бірлесіп қаржыландыру көлемі 1 млрд теңгеден асып түсті, яғни бұл көрсеткіш сұралған қаржының 40 пайызын қамтыды», - деді вице-министр.