Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлім етті.
«Заң жобасына енбей қалған өзге де ұсыныстар бар. Сол ұсыныстар негізінде заңды қолданыс тәртібінде жетілдіру көзделіп отыр. Атап айтсақ, несие берушілерге сот арқылы банкроттық рәсімдеу бастамасын көтеруге мүмкіндік беру ұсынылды. Сондай-ақ, аталған заңның күшін шетелдіктерге, қандастарға және Қазақстан аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға да тарату қажет деген пікірлер бар. Банкроттығын рәсімдеген жеке тұлғаларға басшылық лауазым атқаруға, акционерлік заңды тұлғаның құрылтайшысы болуға тыйым салу және мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге шектеу қою туралы ұсыныстар болды. Бұларды заң күшіне еніп, қолданысқа енген кезде тәжірибеге сүйеніп, асықпай қарау керек», - деді комитет төрағасының орынбасары.
Заң жобасын әзірлеуге қатысқандардың арасында несие берушілерге борышкердің отбасы мүшелері туралы ақпарат жинауға рұқсат беруді ұсынғандар да болған көрінеді.
«Сондай-ақ, несие берушіге банкроттығын рәсімдеген жеке тұлғаның отбасы мүшелерінің мүлкі туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін беру керектігі айтылды. Біз әзірге мұндай мүмкіндікті қаржылық басқарушыға ғана беруді ұсынамыз. Әрі қарайғысын заң күшіне енген кезде көру керек», - деді Қайрат Миятов.