«Үшінші тұлғалардың талаптары бойынша банк шоттарынан жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін өндіріп алуға шектеу енгізіледі. Бұл аса маңызды мәселе. Өйткені, қазіргі уақытта жеке тұлғалардың шотына жәрдемақылардан, әлеуметтік төлемдерден аударылған ақша түссе, соттың, мемлекеттік органдардың, салық комитеттерінің шешімімен ол қаражатты алып қою оқиғалары да кездесіп жатыр. Ондай органдарға осындай құқық та берілген. Осыны болдырмауымыз керек. Өйткені, әлеуметтік төлемдер әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады», - деді Алпысбай Ахметов.
Оның айтуынша, заң жобасы қабылданса, екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғаның шотына түскен қаражатты тиісуге ешкімнің құқығы болмайды. «Өйткені, жоғарыда айтылғандай, бұл қаражат әлеуметтік көмек ретінде түсіп отыр. Оның ішінде көп балалы аналар да, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Ондай қаражатқа тіпті соттың шешімі болса да тиісуге болмайды. Бұл заң жобасында қамтылған аса маңызды мәселе болып отыр», - деді ҰБ өкілі.
Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша төлем және ақша аударымдары барысында тарифтердің айқындылығы қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты банктер төлем операциясын жасағанға дейін клиентті алынатын комиссия мөлшерімен таныстыруға міндетті болады. «Сосын банктерге біржақты тәртіппен тарифтерді өзгертуге тыйым салынады. Қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктер осындай талаптарды енгізе бастады. Сосын жоғарыда айтылған тарифтерді пайызбен көрсетуге де болмайды. Нақты теңгемен көрсетілуі керек», - дейді А. Ахметов.
Еске салайық, заң жобасы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың жедел төлемдер операторларының қызметін реттеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.