Жеке тұрғын үй иелерін жауапкершілікке тартпаймыз - ТЖМ

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жеке тұрғын үй иелері жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы Жетісу облысы халқымен кездесуі барысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр республика бойынша 1 қазаннан басталған жылыту маусымы кезеңінде профилактиканың маңыздылығына назар аударды. Дайындық тамыз айында басталады. Жылыту маусымы бойы тұрғын үй секторында пештерді, электр жабдықтарын, сондай-ақ газ жабдықтары мен баллондарды пайдалану және сақтау бойынша әдістемелік көмек көрсете отырып, профилактикалық рейдтер өткізіледі.

«Жеке тұрғын үй секторын жауапкершілікке тартпайтынымызды, өзімізді және отбасымызды өрт пен көміртегі тотығымен улану жазатайым оқиғаларынан қалай қорғауға болатыны туралы ұсыныстар беретінімізді атап өткім келеді. 15 тамыздан бастап 3 мыңнан астам рейд жүргізілді, 5 мың тұрғын үйде өрт қауіпсіздігінің бұзылуы анықталды (қыздыру аспаптарының жанында жанғыш материалдарды сақтау, пештің үстінде заттарды кептіру және т.б.), оның ішінде 3 мың үйде олқылықтар жойылды, қалғандарына ұсыныстар берілді. Барлығы 50 мыңнан астам жеке үй профилактикамен қамтылған», - деді Юрий Ильин.

Сонымен қатар, министр атаулы көмек көрсету үшін халықтың осал топтарының, яғни көп балалы, тұрмысы төмен отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектердің тұрғын үйлерінің саны анықталатынын айтты. Қыркүйек айынан бастап әкімдікпен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 809 дабыл құрылғысы орнатылған.

Айта кетсек, 2021 жылы министрлік тұрғын үйлерді өрт дабылы және газ бөлінуін бақылау жүйелерімен міндетті жарақтандыруды заңнамалық түрде енгізді. Бұрын бұл нормалар тек ғимараттар, биіктігі 10 қабатты және одан да жоғары көппәтерлі тұрғын үйлер үшін қарастырылған болатын.