Жеке тұрғын үй құрылысына негізделген 44 мың пайдаланылмаған жер телімі анықталды

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - 28 мың жер телімі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті. Жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдері мәселесіне тоқталған министр: «Жер учаскелерінің игерілмеуінің негізгі себебі ретінде олардың инженерлік инфрақұрылымының дайын болмауын атап өтуге болады. Мәселен, 28 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген»,-деді Б. Жәмішев. Осы орайда министр мұндай жағдайға тап болмас үшін жеке тұрғын үй құрылысына лайықталған аумақтарда жер телімдерін ұсынуды қарастыру керектігін қадап айтты. Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2012 жылдары өткізілген түгендеу шаралары барысында жеке тұрғын үй құрылысына негізделген 44 мың пайдаланылмаған жер учаскесі анықталған.