«Бүгінгі брифингті улы газдың салдарынан иіс тию проблемасына арнап отырмыз. Яғни, жыл сайын жылу беру маусымы басталған кезде ел тұрғындары жеке үйлеріндегі пештерді жағатыны белгілі. Өкінішке қарай, адамдар пешке дұрыс қарамағандықтан, иіс тию проблемалары жиі қайталануда. Атап айтқанда, 2017 жылдың қазанынан бастап қазіргі уақытқа дейін еліміз бойынша 28 адам көз жұмды, сондай-ақ 183 зардап шекті», - деді Руслан Иманқұлов.
Оның сөзіне қарағанда, иіс тиіп қаза болғандардың арасында бір баланың өмірі қиылған.
Аталған қайғылы жайттардың алдын алу үшін тұрғын үй секторларында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жаднамалар таратылуда. Алайда, осыған қарамастан азаматтар маман кеңестеріне құлақ аспауда.
Негізгі себептер - пеш құрылысындағы жарықшақтар; тазартылмаған түтіндікті, ақауы бар пеш құрылғысын қолдану. Одан бөлек, қарапайым ұмытшақтықтың салдары қайғылы жағдайға әкеп соғады, яғни адамдар түтіндіктің жапқышын ашуды, пешті дер кезінде тазалауды ұмытып кетеді.
Ресми өкілдің айтуынша, жылы беру кезеңінде ведомствоға қарасты бөлімше қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер жүргізуде. Осы орайда аталған рейдтерді өткізу барысында еліміз аумағында 500 мыңға жуық жеке тұрғын үйлер қамтылып отыр.
«Біздің қызметкерлер келген кезде, олардың берген кеңестеріне назар аударуға шақырамыз. Бұл шаралардың барлығы қауіпсіздікті сақтау аясында жүргізілуде», -деді ол.