Жеке және заңды тұлғалар арасындағы құқықтық дауларды төрелік соттар қарайтын болады - Б. Имашев
Министрдің айтуынша, заң жобасы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың төрелік туралы бірыңғай заңды әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталады. Бұл ретте тиімді инвестициялық қызмет ету үшін төрелікті толыққанды дамытуға мән беріліп, қабылданған халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін отандық төрелікті дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылданады.
«Заң жобасы төрелік пен аралық сот қызметін құқықтық реттеудегі бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында арнайы екі заңды біріктіруге бағытталған. Осыған байланысты қолданыстағы «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық төрелік туралы» заңдардың күшін жою ұсынылады. Сонымен қатар, төрелік қызмет саласындағы заңнама нормаларын 1985 жылғы «Халықаралық сауда төрелігі туралы» ЮНСИТРАЛ үлгілік заңына, 1958 жылғы Шетелдiк төрелiк шешiмдерiн тану және iске асыру туралы Нью-Йорк конвенциясына, 1961 жылғы Сыртқы сауда төрелiгi туралы Еуропа конвенциясына сәйкестікке келтіру көзделеді. Бұдан бөлек, төрелік пен аралық соттардың жағдайлары олардан шектеулерді алып тастау арқылы теңестірілді», деді министр Б, Имашев.
Мәселен, оның айтуынша, төреліктің ведомстволық қарауына дауда халықаралық элементтің бар-жоқтығына қарамастан, жеке және заңды тұлғалар арасындағы барлық жеке құқықтық даулар жатқызылған ұсынылады.
«Ал кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделерін қозғайтын, мүліктік қатынастармен байланысты емес жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын, оңалту және банкроттық туралы, табиғи монополиялар субъектілері мен олардың тұтынушылары арасындағы, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы даулар төреліктің ведомстволық қарауына жатқызылмайды», - деді Б. Имашев.