Жекелеген ескертулер болмаса сайлау заң аясында өтті - Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық комиссия

АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Жекелеген ескертулер болмаса, ауыл әкімін сайлау науқанында сайлау заңнамасын бұзушылық анықталмады. Бұл туралы бүгін брифингте Қазақстанның аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар әкімдерінің сайлауына байланысты құрылған Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комисссияның төрағасы Өмірзақ Озғанбаев мәлім етті.

«Елімізде өткен ауыл әкімдерінің сайлауына орай құрылған республикалық қоғамдық комиссияның негізгі міндеті сайлау заңнамасының жүзеге асуын қадағалау, әділ, ашық, таза сайлау өткізуге жәрдемдесу, сонымен бірге қоғамның түрлі саяси күштері арасындағы заманауи бәсекелестікті дамыту, азаматтардың жалпылама саяси мәдениетін арттыру болып еді. Бұл міндетті біз орындай алдық деп санаймын. Комиссия мүшелері байқаушы ретінде өңірлердегі сайлауға, дауыс беру барысына қатысты», - дейді Ө. Озғанбаев.

Оның айтуынша, жалпы республика жұртшылығы әкімдер сайлауына оң көзқарастар танытып, сайлау туралы жағымды пікірлер айтқан, саяси үдерістің дауыс беру барысы жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны аталып өтілген. «Біздің мәліметтер бойынша ауыл әкімдерінің сайлау науқаны барысында сайлау заңнамасын бұзушылық анықталмады. Сонымен бір мезгілде, сайлау үдерісі барысында, оның ішінде негізінен сайлау комиссияларына және бізге жекелеген ескертулер де келіп түсті. Бұл біріншіден, әкім лауазымына кандидаттар ұсынуға қатысты болып отыр. Мәселен, кандидаттар ұсыну мен әкімдердің жергілікті жұртшылықпен консультациялар жүргізуіне орай, жергілікті халық кейбір кандидат болып табылатын ауыл әкімдерінің кәсіби қызметіне көңіл толмаушылық танытты. Оның ішінде ондай кандидаттардың өз міндеттерін сапасыз орындағаны айтылды. Ауылдағы проблемалардың, соның ішінде ауызсумен қамтамасыз ету, қоғамдық өмір мәселелерінің шешілмей келгендігі жеткізілді», деп атап өтті комиссия төрағасы Ө. Озғанбаев.

Еске салсақ, ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 5-9 тамыз аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың 2457 әкімінің сайлауы өтіп, барлығы 2454 әкім сайланды. Үш ауылдық округте жеңімпаздар анықталған жоқ. Себебі таңдаушылардың дауыстары тең бөлінді. Аталған әкімшілік аумақтық құрылымда тамыздың 28-інде қайта сайлау өткізіледі.