Жекелеген қылмыстық жолмен алынған мүліктер рақымшылық аясында заңдастыруға жатпайды - А. Теңгебаев

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

Еске салайық, құжат Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген.

Заң жобасына сәйкес, жария ету нысандарына бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, сонымен қатар, Қазақстаннан тысқары аумақтардағы жылжымайтын мүліктер жатады.

«Жекелеген қылмыстар нәтижесінде алынған мүліктер жария етуге (заңдастыруға) жатпайды. Мәселен, бұған тұлғаға қатысты орын алған қылмыстар, адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарын бұза отырып алынған мүліктер, конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен алынған кірістер, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыстар жасау бойынша алынған мүліктер жатады", - деп атап өтті заң жобасын таныстырған Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев.

Оның сөзіне қарағанда, Елбасы бастамасымен жүзеге асатын мүліктік рақымшылық еліміздің экономикалық айналымына қосымша қаражат пен мүліктерді тарту мақсатын көздеп отыр. Бұл ретте заңдастырылған қаражат пен мүліктер салық салу мақсаттары үшін табыс ретінде қарастырылмайды, соған сәйкес оларға табыс салығы да салынбайтын болады. Бұдан бөлек, жария етілген мүлік субъектілері қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін де белгілі болғанындай, мүліктерді жария ету мерзiмi 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығында айқындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар