Жекеменшік балабақшалардағы өрт қауіпсіздігін кім қадағалайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қуанар Базарбаев жекеменшік балабақшалардағы өрт қауіпсіздігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорданың қалалық мәслихатында төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Шарада мәслихат депутаттары тарапынан қаладағы 272 жеке меншік балабақшада өрт қауіпсіздігі қаншалықты сақталатыны туралы сауал қойылды. Мәслихат өкілдері жекеменшік тәрбие ошақтарының түрлі ғимараттарда орналасқанын алға тартып, ол ғимараттарда апаттық жағдайға арналған есіктермен жабдықталуын кім қадағалайтынын сұрады.

«Жеке меншік балабақшаларды бүгінгі таңда біз тексермейміз. Неге десеңіз, Елбасының қолы қойылған морайторий қаулысы бар. Ал егер тұрғындар тарапынан ресми арыз түссе, біз тексереміз. Арыз негізінде Төтенше жағдай министріне хат жазамыз. Министрдің рұқсаты келгеннен кейін тексеруге шығамыз», - деп жауап берді Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қуанар Базарбаев.