Бұл ретте жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс ұсынылатын болады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік балабақшалардың баламасы ретінде - ірі компаниялар, ұйымдар, кәсіпорындар жанындағы балабақшалар, жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтар ұйымдастырылады. Бұл ретте балабақшалар мен шағын орталықтар ашу, оларды рәсімдеу шаралары біршама жеңілдетілетін болады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, осы мәселелерді шешудің тетіктерін қарастыратын «Балапан» арнайы бағдарламасы әзірленіп отыр, бағдарлама осы аптада талқыға ұсынылады», деді Ж. Түймебаев.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда балабақшамен қамтамасыз ету жобасына сәйкес нақты жоспарлар, кестелер мен тетіктер қалыптасқан. Бұл ретте оны жүзеге асыру мемлекеттік ұйымдар, мекемелер және жекеменшіктік сектор арқылы өрбиді. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелердің жекеменшік секторы үшін лицензия алу үрдісі жеңілдетілген, санитарлық нормалар мен ережелер қайта қарастырылған. «Бұдан бөлек жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтар үшін мемлекеттік тапсырыс жасалатын болады», деді Ж. Түймебаев.