Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрлің сөзінше, Tech Orda бағдарламасы бойынша барлығы 600 мың теңгеге дейін 3 мың ваучер бөлінеді.
«Өткен жылы біз осы бағдарламаны пилоттық жоба ретінде өткізіп, ол кезде біз 13 жекеменшік IT-мектепті қаржыландырдық, 100 студент білім алды. Әр студентке ваучер 600 мың теңгені құрады. Биыл біз бұл жұмысты жалғастырамыз, бірақ ваучерлер санын арттыруды жоспарлап отырмыз.
IT-мамандарды даярлау мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында: Президент 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-мамандарды даярлау міндетін қойған болатын. Олардың 20 мыңын біз Astana Hub Технопаркімен бірлесе отырып даярлайтын боламыз»,-дейді министр.
Оның сөзінше, жас, креативті, бәсекеге қабілетті IT-таланттарды тәрбиелеу-бұл уақыт талабы. Әлемде күнде өзгеріс болып жатыр, IТ және технологиялар саласында сапаға қойылатын талаптар өсуде.
Сондықтан біздің еліміз үшін бұл өте маңызды. Tech Orda бағдарламасы-бұл қазақстандықтар үшін сапалы IT-білімді тегін алудың бірегей мүмкіндігі. Бағдарлама болашақта көптеген сапалы IT-жобалар беретініне сенімдімін.
Жеке IT-мектептерден өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйекте басталады. Жеке IT-мектептерді бағдарламаға қатысуға және белсенді өтінім беруге шақырамын!»,-деп жазды Бағдат Мусин.