Жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты міндеттемелер орындалады — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептерді қаржыландыру саласындағы проблемаға түсінік берді.
— 2025 жылға дейін жекеменшік мектептер республикалық бюджеттен қаржыландырылып келді. Бюджет кодексіндегі өзгеріске сәйкес, әр балаға бөлінетін қаражат бар. Қаражат жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Сондықтан екі көзден қаржыландыру болмас үшін 2025 жылдан жергілікті органдар тарапынан жүзеге асырылуы тиіс деген шешім болды. Маусым айында қаржы орталығы өзінің өтінімін ашуы керек еді, соған сәйкес жекеменшік мектептер құжатты толтыруы тиіс. Бұдан кейін, осы өтінімдерді 60 күннің ішінде қарастыруы қажет. Маусым айында өтінімдер ашылмай, жаңа оқу жылы басталып кеткен. 29 қыркүйекте министр қызметіне кіріскен кезімде, ведомствоға жекеменшік мектептердің өкілдері келді. Бұл мәселені Премьер-министр деңгейінде көтердік, — деді Ж. Сүлейменова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында 745 жекеменшік мектеп қаржы алған.
— Ал биыл осындай 917 мектеп болды, яғни 100-ден астамы жаңа жекеменшік мектеп ретінде тіркелді. Олардың барлық қаражатын егжей-тегжейлі есептедік. Соның арасында жергілікті атқарушы органдарынан және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мектептерді талқыладық. Таяуда тиісті пилоттық бұйрық болады, яғни оған қол қойылғаннан кейін, жақында қаражат аударылады. Атап айтқанда, пилоттық жоба болғандықтан, әкімдіктер де жауапкершілікті бекітсін деп отырмыз. Сондықтан әкімдіктер де тиісті құжатқа қол қойып жатыр. Жалпы, мемлекеттің барлық міндеттемесі орындалады, — деді министр.
Бұдан бөлек ведомство басшысы жекеменшік мектептер жағынан болған кемшілікті атады.
— Жекеменшік мектептердің арасында зейнетақы қорына немесе МӘМС-ке жарнаны аудармағандар кездесіп жатыр. Мемлекет өзінің міндеттемесін орындайды. Бірақ жекеменшік мектептер де ұстаздардың алдындағы еңбек заңнамасын орындауы тиіс, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Еске салсақ, биыл 29 қыркүйекте Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.