Жекеменшік мектептердің 30%-ға жуығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылмаған – Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге 1-ші қыркүйекке дейін барлық оқушыны оқулықтардың толық жиынтығымен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

– Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Мемлекет басшысының бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек. Білім беру мекемелерінде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар міндетті түрде болуға тиіс. Мұның барлығы оқу орындарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепілдік береді. Ішкі істер министрлігі терроризмге қарсы қорғау талаптарына сәйкестігі тұрғысынан білім беру нысандарын тексеру жұмысын жалғастыруы қажет. Бүгінде өңірлердегі жекеменшік білім беру ұйымдарының 30 пайызға жуығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Осыған назар аудару керек, - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жаңа оқу жылының қарсаңында мемлекет қолдауына мұқтаж балалардың барлығына дер кезінде материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиістігін бас айтты. Ол үшін биыл 23 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Бұл кемінде 500 мың баланы әлеуметтік қолдауға мүмкіндік береді. 

– Өңір әкімдері осы жұмысты бақылауға алсын. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге 1-ші қыркүйекке дейін барлық оқушыларды оқулықтардың толық жиынтығымен қамтамасыз етсін. Мектептегі тамақтандыру сапасы балалардың денсаулығы мен дамуы үшін маңызды бағыт. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері тамақтандыру стандарттары мен санитариялық нормалардың сақталуына бақылауды күшейтуі қажет, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, елімізде 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынып жатыр.