Жекеменшік мектептерге ауысатын оқушылар қатары артып келеді

Фото: Атырау облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қосымша 66,7 млрд теңге қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.

«Мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмін қайта қарауға және қосымша қажеттілікке қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрі бұйрығының жобасы әзірленді. Жобада дербестендірілген қаржыландыру көзделген. Бұл білім беру тапсырысын білім алушының атаанасына немесе өзге де заңды өкіліне баласын оқытуға бөлінетін бюджет қаражатын қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша 677 жекеменшік мектепте 251,3 мың оқушы білім алуда. Алайда, жыл сайын жаңа оқу жылының басында жекеменшік мектептердің саны мен олардағы оқушы контингентінің өсуіне байланысты қаржы тапшылығы бар (2022 жылы – 174 оқушы орны бар 527 жеке ұйым, 2023 жылы – 228 оқушы орны бар 616 жеке ұйым, 2024 жылы – 259 оқушы орны бар 677 жеке ұйым). Осыған орай жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс шығыстарының көлемін ұлғайтуға қосымша қаражат республикалық бюджетті нақтылау және түзету кезінде қарастырылатын болады», - деді Үкімет басшысының орынбасары жауабында.

Оның дерегінше, биылдың өзінде де жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қосымша 66,7 млрд теңге қажеттілігі анықталды. Аталған қаражат бюджетті нақтылау кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен қарастырылмақ.

«Оқу-ағарту министрлігімен жүргізілген талдаудың нәтижесінде 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектептерге 71 мың оқушының көшуі анықталды. Өз кезегінде бұрын мемлекеттік мектептерде оқыған осы оқушылар үшін қаражат 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер мен субвенциялар түрінде жергілікті бюджеттер базасына берілген. Алдағы үш жылға қаржыландыру көлемі оқушылардың белгілі бір бөлігінің мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектептерге көшуі және «ақшаның оқушының соңынан еруі» қағидатын ескере отырып есептелінді. Осыған орай 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заң жобасында жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға арналған шығыстарды жергілікті атқарушы органдарға ағымдағы нысаналы трансферттер арқылы жіберу көзделген»,- деді ол.

Вице-премьердің атап өтуінше, бұл шара егер оқушылар мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектептерге ауыстырылатын жағдайда екі рет қаржыландыру тәуекелін болдырмау мақсатында және қаражаттың әділ бөлінуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Заң жобасында жекеменшік орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 416,3 млрд теңге (179 924 оқушы орны бар 528 жеке ұйым) ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде қарастырылған», - деді Тамара Дүйсенова.

Осыған дейін келесі жылдан бастап мектептерде стоматология кабинеттері ашылатыны туралы хабарладық.