Жекешелендіру аясында жыл басынан бері 227 нысан сатылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жекешелендіру жоспары аясында жыл басынан бері 61 млрд теңгеге 227 нысан сатылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде жалпы саны 670 нысаннан 61 млрд теңгеге 227 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді», - деді Қаржы министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, 40 нысан сатуға қойылды, 36 нысан қайта ұйымдастырылды және таратылды.

«162 нысан сату алдындағы дайындықта тұр. 205 нысанды жаңа жеке операторлардың пайда болуына жол бермеу тұрғысынан жкономиканы монополиясыздандыру комиссиясы жұмысының шеңберінде кешенді жоспардан алып тастау ұсынылады», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге кіріс түскенін, бюджет кірістері жоспардан 41 млрд теңгеге асыра орындалғанын айтқан еді.

Жыл басынан бері бюджеттің 65 млрд теңгесі атқарылмаған, оның ішінде 7 млрд теңге – үнемделсе, 58 млрд теңге игерілмей қалған.


Соңғы жаңалықтар