Жекешелендіру - экономиканың өсуіне серпін береді - ОҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасы негізінде Үкімет «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспар» бекітті.

Осы жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын жекешелендірудің екінші кезеңі облыста өз деңгейінде жүргізіліп келеді, дейді облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Телғараев.

- Министрлер кабинетінің мүшелері Үкіметтің «2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» арнайы қаулысын қабылдау барысында Ұлттық Экономика министрі Ерболат Досаев: - Коммуналдық меншік құрылымында 82 пайыз әлеуметтік сала ұйымдары бар. Оларды жекешелендірудің әлеуеті аз болып табылады. Сондықтан олар коммуналдық меншікте сақталады. Әкімдердің коммуналдық меншігінде білім беру ұйымдары (олар жалпы санның 52 пайызын құрайды), денсаулық сақтау (14 пайыз), мәдениет (10 пайыз) нысандары қалады. Яғни өңірлердегі мектептер, емхана-ауруханалар, ауыл-аудан клубтары және т.б әзірге жекешелендірілмейді, -деген болатын. Оңтүстік Қазақстан облысында да стратегиялық маңызы бар әлеуметтік нысандар жекешелендіруге ұсынылмайды. Еліміз бойынша жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес 2014-2016 жылдары коммуналдық меншіктегі 416, ұлттық компанияға қарасты 336 бас-аяғы 782 нысан бәсекелестік ортаға ұсынылып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі 28 ұйымды және «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның құрамындағы 5 ұйымды бәсекелестік ортаға беру туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында «Ордабасы» кәсіби футбол клубы » АҚ-ы, « Қыран » футбол клубы МКҚК, «ЛТД Тұрмыс», «Спорт сарайы», «Шымкент жасыл қала», «Тұран құрылыс» ЖШС-тері және т.б. бар. (Жекешелендіруге ұсынылған нысандар тізімі І-кестеде беріледі). Сондай-ақ облыс бойынша жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі 28 ұйымның 6-ы 2014 жылы, 8-і - 2015 жылы және 14-і -2016 жылы жекешелендіріледі деп жоспарланып отыр. Осы ұйымдардың 19-ы квазимемлекеттік сектордағы ұйымдар болып табылады. Жекешелендірудің бұл кезеңінде квазимемлекеттік секторлар назардан тыс қалмады. Жалпы квазимемлекеттік сектор дегеніміз не? Алдымен осыған қысқаша түсінік беріп өтейік. Ол бюджеттен қаржыландырылатын, бірақ мемлекеттік кәсіпорын саналмайтын ұйым. Еліміз бойынша осындай ұйымдардың бірден 782-сін бәсекелестік ортаға тапсыру, тағы 380 ұйымын қайта құру немесе жою көзделуде. Оларды жекешелендіру электронды аукцион арқылы сатылады. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметімен белгіленген бірыңғай оператор қызметін атқаратын «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-ы жүргізетін оn-Line тәртібінде қол жеткізу мақсатында www.gosreestr.kz веб-порталындағы мемлекеттік мүлікті электрондық сауда- саттық алаңында жүргізіледі. Бұл ауқымда шара туралы өңірдегі ресми және өзге де мерзімді басылымдарға мемлекеттік мүлік реестрінің сайтына осы бағыттағы ақпараттық хабарламалардың барлығы дерлік берілді. Әрине, жекешелендіруге ұсынылған нысандар бойынша сатып алуға ниет білдіргендердің санын дөп басып айту қиын. Оны электронды аукцион өткеннен кейін, яғни, аукцион өткен кезде ғана сатып алушылардың (әлеуетті) санын біле аламыз. Бірақ бізге келіп, осы мәселе бойынша сұрап, қызығушылық танытып жатқандардың саны көңіл толтырады, - деп мәлімдеді облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Телғараев.