ҚР Қаржы министрі Әлиxан Смайыловтың айтуынша, бүгінде жекешелендірудің кешенді жоспарына 922 нысан кіреді. Соның ішінде 48 нысан биыл қосымша тізіммен енгізілді. 2016 жылдан бері 532 нысан сауда-саттыққа шығарылып, 465-сі сатылып кетті. Одан түскен табыстың сомасы 296 млрд теңгені құрады.
«Бүгінде 96 нысан сату алдындағы дайындық кезеңінде. 287 нысан қайта ұйымдастырылуда және таратылуда. Олардың 160-сы қайта құрылған және таратылған. 7-уін жекешелендіру тізімінен алып тастады. Осылайша, қайта ұйымдастырылатын, таратылатын және тізімнен алып тастауға жататын нысандарды қоса есептегенде жекешелендіру жоспарының орындалуы бүгін 88 процентті құрайды», - деді Ә.Смайылов.
Министрдің сөзіне қарағанда, биыл 243 нысан сатуға шығарылады деген жоспар болған. Алайда іс жүзінде 155 нысан аукционға шығарылып, олардың 88-і 117 млрд теңгеге сатылды. Жылдың аяғына дейін тағы 8 нысан саудаға шығарылатын болады.
«58 топ-нысанның 34-і сауда-саттыққа шығарылып, олардың 18-і сатылды. Одан 136 миллиард теңге түсті. Бір нысан осы жылдың 28-ші желтоқсанына қарай саудаға шығарылатын болады. Ол - Қазақавтожол. Үш топ-нысан мемлекеттік комиссияның шешімімен тізбеден алып тастауға жатады. Бір нысан таратылуда. 10 топ-нысанды сату мерзімі 2019-2020 жылдарға белгіленген. Тағы 9 нысанды сату мерзімі келесі жылға ауыстыруға жатады», - деп атап көрсетті Ә.Смайылов.