Жекешелендірудің екінші толқыны үдерісінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы белсенділік танытуы тиіс - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жекешелендірудің екінші толқыны бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Бұл туралы бүгін Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«2009 жылы мемлекет дағдарыс кезінде экономикадағы қатысуын ұлғайтуға мәжбүр болды. Қазіргі кезде жеке сектордан шығудың уақыты жетті. Сондықтан біз жекешелендірудің екінші толқыны жайында жарияладық. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы үдеріске белсенді түрде қатысуы тиіс, сонымен қатар оның ашықтығын қамтамасыз ету керек», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент аталған палата Үкіметпен бірге жұмыс істесе үлкен нәтижеге қол жеткізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, кеңес барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны ағымдағы жылдың маусымында басталатынын мәлім еткен болатын.