Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 47 процентті құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы  47 процентті құрайды. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік нысандарды жекешелендіру жайында баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі уақытта жекешелендірудің кешенді жоспары өзектендіріліп, түзету нәтижесі бойынша толықтырылды. Бүгінде 879 нысанды құрайды. Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 2016 жылдан бері 226 нысан сатылды. Сату бағасы 63 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 18 республикалық меншік нысаны бойынша бюджетке 7 млрд. теңге түсті. 113 коммуналдық меншік нысанын сатудан 17 млрд. теңге және 95 квазимемлекеттік нысанын сатудан 39 млрд. теңге түскен болатын. Мұнан бөлек 190 нысан қайта құрылып, таратылды. Осылайша жекешелендірудің кешенді жоспарының қазіргі уақытта орындалуы  47 процентті құрайды. Бұл қайта құрылатын және таратылатын нысандарды қоса алғандағы дерек», -  деді Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы жекешелендіретін нысандардың 156-сы сауда шығарыпы, бүгінде 45-і 5,9 млрд. теңгеге сатылды. 98 нысан жайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде тұр.  85 нысан бағалануда. Олар жол картасына сәйкес осы жылдың шілде айының соңына дейін сатылымға шығарылады.

«Сонымен қатар шілде-тамыз айларында шамамен 105 нысан бағаланады. Оның 65-і коммуналдық меншік, 7-еуі - республикалық меншік, 15-і - ұлттық компаниялардың, 17-сі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншігі. Оылайша, ағымдағы жылдың қазан айына дейін 488 нысанның 95 проценті сатылымға шығарылады», - деді министр.