Жекешелендіру, біріктіру немесе тарату: 475 кәсіпкерлік субъект тізімі бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Олжас Бектенов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Онда Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының орындалу барысы қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету, орта бизнестің ЖІӨ-ге салымын ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мемлекеттің экономикаға қатысуын тек әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық секторлармен шектеу жоспарланып отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров бәсекелестіктің дамуын тежейтін кедергілерді жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттің қатысуымен жекешелендіруге, біріктіруге немесе таратылуға жататын 475 кәсіпкерлік субъект тізімі бекітілді. Жұмыс 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл ретте кәсіпорындардың жартысынан көбі 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген.
Премьер-министр Жарлықтың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы керектігін баса айтты. Жұмыс бақылауда.
Айта кетейік, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілер реестрі кеңейтілді.