Жекешелендіру жоспарындағы 177 нысан әлі иесін таппаған — кеңейтілген отырыс
АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Парламент палаталарының бірлескен отырысында жекешелендіру шараларынан бюджетке түскен кірістерді атады.
— Жыл басындағы жағдай бойынша, жекешелендірудің кешенді жоспары 72%-ға орындалды. Жоспарланған 637 нысанның 460-ы сатылды немесе жойылды. Бұл — республикалық, коммуналдық меншік объектілері және квазимемлекеттік сектордың активтері. Мемлекеттік мүлік комитетінің ақпараты бойынша, былтыр 589 миллиард теңгеге 14 нысан сатылған. Оның ішінде Tele-2 компаниясын қатарлық инвесторға сатудан 517 млрд теңге түскен. Бұл сомадан түскен 158 млрд теңге дивиденд республикалық бюджетке аударылды. Бұдан бөлек корпоративтік табыс салығы түрінде тағы 76 млрд теңге төленді. Осы мәміледен түсетін қалған сомалар, сатып алу-сату шартына сәйкес, 2028 жылға дейін біртіндеп түседі, — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, ол жекешелендірудің кешенді жоспарында әлі 177 нысан бар екенін айтып, жауапты органдарға жұмысты жеделдетуге шақырды.
Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.
Бұдан бұрын Үкімет инфляцияны тежеу бойынша кешенді іс-шаралар әзірлегені хабарланды.