Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша қоғамдық жерде бейәдеп сөздер айтқаны үшін кінәлі деп таныды.
— Танымал болу жауапкершіліктен босатпайды. Алматы прокуратурасы әлеуметтік желілерден танымал MMA жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтардың бейәдеп сөздер айтқан видеосын анықтады. Алматы қаласының МАӘС қаулысымен ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Алматы прокуратурасы.
Оқиға Астанада IBA Nomad халықаралық турнирінен кейін болған. Еркебұлан Тоқтар өзбекстандық муай-тайдан әлем чемпионы Бобиржон Исроиловты мерзімінен бұрын жеңген.
Алайда жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында жағдай ушығып, Еркебұлан Тоқтар мен өзбекстандық тағы бір файтер Огабек Абдумуминов сөзге келіп қалған. Қазақстандық спортшы эмоцияға беріліп, журналистер мен камералардың алдында қарсыласына балағат сөздер айтқан.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғам наразылығын туғызды.
Қазақстандағы заңнамалық тәжірибеге сәйкес, әлеуметтік желілердегі жария эфирлер мен трансляциялар қоғамдық орындармен теңестіріледі. Осыған байланысты сот Тоқтардың әрекетін ұсақ бұзақылық ретінде саралаған.
Бұл бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) чемпиондар комитеті қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының жарыстан шеттету мерзімін тоқтатқанын хабарлаған едік.