Желдің күшеюі, жаңбыр, қатқақ - 8 мамырда күн райы қалай болады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазгидромет Қазақстан аймақтарында 2024 жылғы 8 мамырда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжау консультациясын жариялады. 

Фото: Pexels

Оңтүстік циклоны және онымен байланысқан атмосфералық фронталды бөліктер ҚР территориясының басым бөлігіне найзағайлы жаңбыр, батысқа қатты жаңбыр, бұршақ алып келеді. Тек еліміздің солтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Республика бойынша желдің күшеюі, батысы мен оңтүстігінде дауыл, оңтүстік-батысы, солтүстік-батысы мен орталығында түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман күтіледі.

Түнде Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының шығысында, Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде топырақ бетінде 1-2 градус үсік күтіледі.

Қарағанды облысының орталығы мен оңтүстігінде, Ұлытау облысының орталығында, Қызылорда, Түркістан облыстарының батысында, Абай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қауіпі сақталады.