Желіде пайда болған жігіттің өнері көпшілікті таңғалдыруда
15:15, 28 Ақпан 2017
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - You Toube желісінде пайда болған жігіттің өнері көпшілікті таңғалдыруда. Өзін талдықорғандық ретінде таныстырған ол бірнеше дауысты салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
24 ақпан күні аталған желіде жарияланған бейнежазбаны тамашалаушылар саны күн санап өсуде. Қазірдің өзінде 22 мыңға жуық адам көрген. Пікір қалдырып жатқандардың басым бөлігі оның өнеріне тәнті болып, тума талант деп, жоғары баға беруде. Әсіресе баланың жылаған дауысын айнытпай салған өнері көпшілікке ұнаған. Ал пікір жазып жатқандардың кейбірі жігіттің ішіне жын кіріп кеткен деген ойда.
Өзін 1992 жылғымын деген жігіттің бейнежазбадағы сөзіне қарағанда, ол «Айналайын» балалар үйінде тәрбиеленген көрінеді. Қаладағы №16 мектепте білім алып, 9-шы сыныптан кейін оқуын колледжде жалғастырған. Заңгер мамандығы бойынша білім алдым деген жігіт қазір жұмыс іздестіріп жүргенге ұқсайды.