Желідегі жалған ақпаратқа сеніп жолға шыққан тұрғындар қар құрсауында қалып жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Желіде тараған ақпараттарға сенген тұрғындар қар құрсауында қалып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күні Түркістан облысында жауған қалың қар мен қатты желдің зардаптарын жою жұмысы жүріп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан республикалық, облыстық жолдарды қардан тазарту үшін жалпы 133 адам, 74 техника, ал жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 97 адам, 41 техника көмекке жіберілген.

«Тұрғындар ресми БАҚ-та тараған ақпаратқа емес, таксистердің желіде айтқан сөздеріне сеніп өз өмірін қатерге тігіп жатыр. Кешегі күні де «Жамбыл облысына көп машиналарды өткізіп жатыр екен» деп қаншама адамдар жолға шығып кеткен. 4 қаңтардағы мәлімет бойынша қатты жауған қардың және бұрқасын жел мен боран салдарынан 8 облыстық маңызы бар жол уақытша жабылған. Қар құрсауынан 103 көлік, 110 адам шығарылды»,- деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, Ролан Ибрагимов ауа райына байланысты хабарлама келген жағдайда тұрғындардың ұзақ жолға шықпауын және тек ресми ақпаратқа сену керектігін жеткізді.


Фото: gov.kz