Желілерде полиэтилен пакетін пайдалануға қарсы видеолар кең тарауда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық актерлердің полиэтилен пакеттерін қолдануға қарсы бейнероликтері әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Желіде тараған видеода отандық актер Санжар Мәдиев полиэтилен пакеттердің ыдырау процесі 1 мың жылға дейін жалғасатынын, бұл қалдықтар тірі ағзаға, қоршаған ортаға зиянды екенін тілге тиек еткен.

«Бізге полиэтилен пакеттердің орнына эко-сөмкелерді пайдаланғанымыз дұрыс болады. Егер де дүкенде сатушы сізге кезекті пакетті ұсынса, одан бас тартыңыз», - деді С. Мәдиев.

Өз кезегінде вайнер Мейіржан Төребаев осы тақырыпта түсірілген роликті көпшіліктің назарына ұсынды. Онда пәтер ішінде толып кеткен полиэтилен пакеттері туралы, бұған осы пакеттердің тегін таратылуы себеп болып отырғандығы баяндалады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдағанда, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыру туралы айтқан болатын.

Сондай-ақ, бұған дейін Қазақстан аумағындағы бөлшек саудада сыйымдылығы кішкентай полиэтилен пакеттерді пайдалануға тыйым салу көзделіп отырғандығы айтылған еді.

«Бұл бастаманың қажеттілігі мынада: негізінен полиэтилен пакеттер қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына елеулі зиян келтіреді. Қазақстандағы сыйымдылығы шағын полиэтилен пакеттерді сатуға кезең-кезеңімен тыйым салынады. Бірінші кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға шектеу қойылады. Осы кезеңде халық арасында әсіресе қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына полиэтилен пакеттердің қаншалықты зиян екеніне байланысты кеңінен үгіт жүргізу қажет. Сонымен бірге, баламалы экологиялық қаптама өндірісін ынталандыру мәселесі де шешілуі тиіс. Екінші кезеңде олардың ел аумағында сатылуына толық тыйым салынады. Полиэтилен пакеттерді пайдаланудағы бұл шектеу мәселені жан-жақты әрі егжей-тегжейлі зерттеуден кейін енгізіледі», - делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар, ел аумағында полиэтилен пакеттерін қолдануға қарсы шаралар ұйымдастырылуда.