Желшешек ауруы балалар арасында жиі кездеседі – дәрігер кеңесі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Белгілі бір маусымда балалар арасында желшешек ауруы (ветрянка) өршіп кетеді. Бұл инфекциядан сақтанудың жолы қандай? Ол неге бірден өршіп кетеді? Желшешектің белгілері қандай болады? ҚазАқпарат тілшісі осы сұрақтар төңірегінде Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Жұлдызай Жансүгірованы әңгімеге тартқан еді.

- Желшешек ауру ы қалай тарайды?

- Инфекция көзі – ауру адам. Сондықтан, ауру және сау адам арасындағы байланысты шектеу өте маңызды. Желшешек ауа арқылы тарайды. Егер сіз немесе сіздің балаңыз ауырып қалса, мектепке, балабақшаға немесе жұмысқа бармаған дұрыс. Денеде қышыну пайда болғанша (теріде вирус жоқ екендігінің белгісі) үй жағдайында болу керек. Бұл әдетте дақтар шыққаннан кейін 5 күннен соң пайда болады.

- Алдын алу үшін қандай сақтық шараларын жүргізу қажет?

- Сырқаттың инкубациялық (жабық) кезеңі 11 күннен 21 күнге дейін, яғни орташа 14-15 күнге созылады. Ауру адам сырқаттың инкубациялық кезеңінің соңғы күнінен бастап және бөрткен шыққаннан кейінгі 9-күнге дейін жұқпалы болып есептеледі. Осы аралықта байланыста болмау керек.

- Бұл ауру қай жастағылар арасында жиі тіркеледі?

- Мұнымен 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар жиі, ал 10 жастан асқан балалар мен ересектер сирек ауырады. Желшешекпен ауырып жазылған адамда күшті иммунитет қалады.

- Сырқат адам бойында жеңіл өте ме? Қ андай белгілері бар?

- Әдетте, желшешек жеңіл өтеді. Бірақ, кейде әлжуаз балаларға шыққанда асқынатын жағдайы кездеседі. Бұл жағдайда тері іріңдейді, құлағы мен аузының шырышты қабығы қабынып ауырады.

Сырқат баланы мұқият күтімге алу керек. Аурудың денесі бөртсе, оның үстіне температурасы көтерілсе, сырқатты қозғалтпай жатқызып қойған дұрыс. Төсек-орын жаймасын жиі-жиі алмастырған жөн.

Ауру басталғанда температура 38-39°С-ге дейін көтеріледі. Адамның терісі мен шырышты қабығында қышыма бөрткен пайда болады. Ал, 3-5 күн өткеннен кейін бөрткеннің көбеюі тоқтайды да, температура төмендеп, қалпына келеді. Бөрткен қара қотырланып, 1,5-2 аптадан соң оның қабығы түседі. Кейде барлық ауырған кезеңде температурасы көтерілмей, әдеттегідей бірқалыпты болады.

- А л, ересектер шалдыққан жағдайда қалай өтеді?

- Балаларға қарағанда желшешек ересектерде ауырлау түрде өтеді. Кей жағдайда үлкендер асқынудан зардап шегуі мүмкін.

- Науқасқ а қандай күтім жасалғаны дұрыс?

- Баланың денесінде бөрткеннің болғанына қарамастан, оны қайнаған сумен немесе қызғылтым етіп езілген калий перманганатымен (марганцовка) мақтаны пайдаланып, өте еппен жуады. Ал, қолын сабындап жуған дұрыс.

Бөрткенді 1 проценттік калий перманганатының немесе 1-2 проценттік бриллиантты зеленка ерітіндісімен сүртсе, ол көп қышымайтын болады. Бала терісін қасып, тырнап тастамауы үшін қолының тырнағын алып, дәкеден қолғап тігіп кигізу қажет.

Баланың ерніне тұзсыз сары май немесе қайнатылған күнбағыс майын жағып, сусынды көп ішкізу керек. Кішкентай баланың таңдайын салқын шаймен немесе қайнаған сумен жібітіп отырады.

Сусыздануды болдырмас үшін көп сұйықтық ішу қажет.

Гигиенаға келетін болсақ, жылы, бірақ ыстық емес душ қабылдаған артық емес. Содан кейін теріні құрғатып (ысқыламаңыз), денеңіздегі дақтар жазылғанша бос киім киген жөн.

Ең бастысы – жараның қабығын алмау, теріні тырнамау. Тыртық қалып қоймауы үшін теріге тиіспеген маңызды. Егер температура 39-дан асса, бөртпе элементі пайда болса, шұғыл түрде дәрігерге хабарлаңыз. Сондай-ақ, егер бала өзін нашар сезінсе дәрігерге қаралыңыз.

- О блыс т а биыл желшешекпен сырқаттанған науқастар көп пе ?

- Биылғы 10 айда желшешектің 820 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,6 есе өсім байқалады. Олардың көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген: бұл – 716 жағдай.

Оқи отырыңыз, ана сүті – баланың дұрыс дамуының кепілі. Нәресте туғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек анасының кеудесіне жатқызылуы керек. Алғашқы айларда ана сүтінен басқа сұйықтықтар мен тағамдарды, тіпті қайнатылған суды да берудің қажеті жоқ. Өйткені, баланың ішегінде ас қорыту ферменттері әлі жоқ және ол басқа тағам түрлерін сіңіре алмайды. Алғашқы алты айда тек ана сүтімен тамақтандыру нәрестені диареядан, анемиядан және басқа аурулардан қорғайды. Балаға шай беруге болмайды, өйткені ол анемия тудыруы мүмкін.


Басты фото: Getty Images