Желтоқсан айында күн райы қандай болады

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Желтоқсан айында ауа райы құбылмалы болады. Басым өңірде қар жауып, аяз болады. Кей жерлерде бұрқасын болып, тұман басып, көктайғақ болады. 

Консультативтік болжамға сәйкес республиканың басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы норма шамасында болады, батыс аумақтарында нормадан 1-2°С жоғары, ал елдің солтүстік-шығыс және шығысында нормадан 1°С төмен болады. 

— Желтоқсанның бірінші онкүндігінде атмосфералық фронттардың өту әсерінен тұрақсыз ауа райы сақталады: батыста, солтүстікте, шығыста және орталықта жауын-шашын болады, негізінен қар жауады, ал оңтүстік-батыста және елдің оңтүстік жартысында жаңбыр аралас қар жауады. Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қалың қар жауады. Республика бойынша бұрқасын, көктайғақ болып, тұман басады, — делінген Қазгидромет хабарламасында.

Желтоқсанның басында негізгі күндізгі ауа температурасының фоны келесідей болжанады:

елдің батысында және Ұлытау облысында 0, +8°С;

елдің солтүстік және орталық өңірлерінде -3+2°С;

елдің шығысында 0, -8°С;

елдің оңтүстік жартысында +5+13°С.

Алайда онкүндіктің соңына қарай солтүстік-батыс антициклоны Арктикадан келетін суық ауа массаларымен күшейіп, ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасының төмендеуіне әсер етеді.

елдің батысында түнде -5-10°С, күндіз -3-8°С.

елдің солтүстік, шығыс және орталық аумақтарында түнде -10-18°С, шығыстың кей аудандарында түнде -23°С дейін, күндіз -5-13°С-қа дейін.

елдің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -5+2°С, күндіз +3+10°С.

— Екінші және үшінші онкүндіктерде түнгі температуралық фон -15-20°С-тан -5-10°С-қа дейін ауытқиды, күндіз әлсіз оң мәндегі -3+2°С-тан -5-10°С-қа дейін өзгереді, ал шығыста жекелеген күндері түнде температура -25-35°С-қа, күндіз -15-20°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Батыста және елдің оңтүстік бөлігінде түнде ауа температурасы 0, -5°С-тан -7-12°С-қа дейін ауытқиды, ал күндіз негізінен 0, +8°С шамасында болады, — делінген хабарламада.

Айта кетелік бүгін Астанада және тағы 11 қалада ауа сапасы нашарлайтыны туралы жазған едік