«Желтоқсан қарлығаштарының» тағылымын кеңірек таразылау біздің парызымыз - Болатбек Төлепберген

АТЫ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда жақында «КИЕ» орталығынан «Желтоқсан қарлығаштары» атты кітап жарыққа шықты. Авторы - «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген. Кітаптың ерекшелігі сол - онда желтоқсан оқиғасы жаңа қырынан зерттеліп, ондағы қазақ қыздарының қайсарлығы баяндалған.

Жақында ғана жарық көрген кітап авторынан Желтоқсан көтерілісі хақында ой бөліскен едік. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алар орны ерекше. Талай жылдан бері көбесі сөгілмей келген мұзды бұзған қазақ жастарының ерлігі ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Сол бір қаһарлы күндерді, желтоқсан құрбандарын еске алу шарасында желтоқсандықтар: «Желтоқсан көтерілісі ешқашан ұмытылмауы керек. Біз Тәуелсіздікті Желтоқсан көтерлісінен бөліп қарауымызға болмайды. Тәуелсіздікті алып келген осы Желтоқсан көтерлісі. Көтерілістің ақиқатын ашып, бұл оқиғаның мәні мен маңызын келешек ұрпаққа, жастарға түсіндіруіміз керек. Оның қалай болғандығын бүгінгі жастар білуі тиіс. Егемен мемлекет екендігімізді танытайық дейтін болсақ Тәуелсіздігімізді бүкіл халық болып бірге тойлап, ал Желтоқсан көтерлісін - құрбан болғандарды еске алу, аза күні деп жариялауымыз қажет», -деген болатын. Олардың әрқайсысы желтоқсан көтерлісін еске түсіргенде алдымен қазақ қыздарының қайсарлығын, батырлығын ерекше атап өтеді. «Өздерін біреу тепкілеп, соққының астына алып жатса да, олар құлап бара жатқан біздің иығымызға сүйеу бола білді», - деп еске алды желтоқсандықтар.

Болатбек Төлепберген де кітапты жазу, зерттеу барысында, жалпы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі ерекше есте қалған оқиғаларды саралар болсақ: "Ең алдымен ерлермен қатар қазақ қыздарының қайсарлығы көзге ұрады" - деп атап өтті бізбен әңгімесінің басында. "Көтерілісті көзімен көрген жандар да, желтоқсандықтардың өздері де қаракөз қыздарымыздың ақ қар, көк мұз құрсауындағы қызыл жағалылардың өрескел өктемдігіне қаймықпай қарсы тұрып, қайрат көрсеткенін айтып жүр. Айталық желтоқсан көтерілісі турасындағы естеліктерді, бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын және 10 томдық «Конституциялық Соттың желтоқсан оқиғасы туралы ісін» қараған адамның менмұндалаған қазақ қыздарының ұстамдылығына, ұлтжандылығына таңданатыны, сүйсінетіні анық. Бұл сүйіспеншілік шығармашылық адамдарына шабыт сыйлады, қанат бітірді. Ақындар өлең арнады, сазгерлер ән шығарды. Тек осы құбылысты зерделеу, бағасын беру, бір ізге түсіру, жүйелеу - уақыт талабы", -дейді ол.

"Желтоқсан жендеттері алаңдағы ашық айқаста ұл, қыз демеді. Жанталас қуғында нөпірдің артында қалып қойған нәзік жандарды аяқтан шалып құлатып, шаштан сүйреп апарып, көлікке тоғыту қызыл жағалылардың таптырмас әдісіне айналды. Ал оп-оңай тірсектен теуіп сұлатып, бұрымынан бұрап шыңғыртып, тепкілеуге әккіленіп алған әскерилердің тұзағынан қыздарды құтқаруға келген жігіттердің бірі арашалай алса, енді бірі өзі «тұтылып» қалды. Алаңда қазақ қыздарын ұрып-соғып жатыр дегенді ести сала жетіп, атой салған ер жігіттер аз болмады. Соның бірі - Халық қаhарманы Қайрат Рысқұлбеков өзінің түрмеде отырып жазған хатында аталған жайт турасында төмендегіше сыр шертеді. «...Менің түсінігімше, ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдар да ұрғашысына мүйіз я болмаса тұяғын көтермейді. Ал біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы - адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ. Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып өз қол ұшымды беріп, көмектесу үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше көмектескенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ, бір Құдай өзі куә, адам баласын ешқашан өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасау менің колымнан келмейді. Ешқашан... Еш уақытта!.. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып-соққаным да рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым осы ғана!..» - деп өзінің түрмеде отырып жазған хатында Қайрат ағынан ақтарылады. Әрине, Қайраттар араша түскенімен тағдыр талайымен жендеттердің талауына тап келген қыздардың барлығын құтқару мүмкін болмады. Ләззат Асанова, Сәбира Мұхмеджанова және Кенжегүл Молданазарова сынды бірқатар қазақтың қайсар қыздары қапияда, түрлі жағдайларда көз жұмды. Көтерілістен кейін «кінәлілер» жедел іздестіріліп, тез арада түрліше деңгейде жазаларын алды. Ең ауыры, екі адам өлім жазасына кесілді. Бірі - Қайрат Рысқұлбеков, екіншісі - Мырзағұл Әбдіқұлов. Соңғы азаматтың ісі қайта қаралып, 20 жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылды. Өлім жазасын күтіп абақтыда отырған Қайрат Рысқұлбеков құпия жағдайда көз жұмса, алаңда алған соққыдан тіл тартпай кеткен қыршын жас Ербол Сыпатаев болатын. Он томдық «Конституциялық Соттың желтоқсан оқиғасы туралы ісіндегі» деректер бойынша сотталғандардың саны жүз адамнан асады. Ал олардың жиырма екісі - қыздар. Яғни, 20 жас ару бас бостандығынан айрылған, екеуі еңбекпен түзеу жазасына кесілген, біреуі қара жұмысқа жіберілген", - деп өз кітабындағы деректерді келтірді автор.

Оның пікірінше, алаңға барып ұсталып, немесе алаңға барғандары үшін «айыпкер» атанып, сотталғандардың жөні - бір бөлек. "Енді осы тұста кімнің қалай, қандай жағдайда істі болғандығы ерекше назар аудартады. Бұл ретте Алматыдағы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің оқытушысы Жансая Сәбитованың көтерілістен кейінгі уақытта болған қанқұйлы жағдайға наразылығын ашық білдіргені үшін, яғни көзқарасы үшін бауырындағы бөбегіне қарамастан бес жылға сотталғандығы, сонымен қатар Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері Нағима Салықова «алаңға баруға болмайды» деген басшылығының тыйымына қарсылығын білдіріп, өз пікірін қайтпастан дәлелдегені үшін үш жылға сотталғандығы және Талдықорғандағы Заң техникумының студенті, сол кездегі он сегіз жасар Анар Серкенованың мұғаліміне және облыстық партия комитетінің екінші хатшысына Алматыдағы көтерілістің әділетті екенін қаймықпай айтқаны үшін бір жыл алты айға сотталғандығы қылышынан қан тамған кеңестік жүйеге қарсы шыққан қазақ қыздарының шын мәніндегі қайсарлығын білдірсе керек. Олардың тіпті темір есікті қараңғы қапасқа түскенде де, прокурор мен тергеушілердің тоқпағынан қорықпастан, өздерінің азаматтық құқықтарын қорғау арқылы ұлт намысын таптатпаулары - ерлерге тән ерліктің ең биік үлгісі. Иә, олар алаңға барған жоқ. Бірақ, алаңға барған мың-сан жастардың пікірін, арман-аңсарын, мақсат-мұратын ашық білдіргендері үшін жазаланды. Қарап тұрсаңыз, түк кінәлері жоқ. Кінәлері - «қоғамға жат ойларында, көзқарастарында; ең бастысы - соны батыл айта білгендерінде. Бұл - сөз жоқ, қазақ қыздарының ерлермен қатар, ерлік тарихымызды жасауға қосқан қомақты үлесі», - деп атап өтті ол.

Б. Төлепбергеннің айтуынша ендігі міндетіміз - дәл осындай және бір жадымызда мақтанышпен сақталатын, әрі бүгінгі жас ұрпақ үлгі тұтатын өнегелі іске- тауқыметті жеңген тағылымға тағзым ету. "Ол - желтоқсан шырғалаңында жазықсыз сотқа тартылып, отқа түсіп, ит жеккенге айдалған жігіттерінің артынан іздеп барып, түрменің кермек дәмін бірге татысып, некелерін тар қапаста қиған қазақ қыздарының асқақ рухы. Әрине, мұндай жайттардың басқа елдердің тарихында кездескенін білеміз. Айталық Ресей «декабристерінің» әйелдері ит тұмсығы өтпес, сұры сұсты, табиғаты суық Сібірдегі ерлерінің артынан барып, ауыртпалығын бөліскені - бөлек әңгіме. Себебі, жүріп-жүрген жігіті әділетсіздіктің салдарынан сотталып кетіп, әрі-сәрі күй кешкен он екіде бір гүлі ашылмаған қазақ қызының тағдыры тіптен басқа. Бұл жердегі таңдау да өте қиын соққаны анық. Сүйген жігітіне деген іңкәрліктен бұрын махаббат пен ғадауат, адалдық пен арамдық, ұят пен ар қатар шарпысып, қиын түйін шешілген іспетті. Таңдау қателестірмепті. Күні кеше ешкімнің сөзіне қарамастан, тек өздерінің ақылына жүгінген аруларды бүгінде қалай мақтасақ та жарасады. Бес жылға сотталған жігіті Расулхан Құдайбергеновты сонау Ресейдің қияндағы Чита қаласына іздеп барып қосылған Роза Арипова және үш жарым жылға сотталған жігіті Бақтыбек Иманқожаевпен Қызылжардағы түрмеде некесін қиған Сапаргүл Құлдәулетова, төрт жылға сотталып, жазасын Ресейде өткерген жолдасы Құрманғазы Айтмұрзаевтың жанында болып, екінші ұлдарын түрмеде босанған Алма Ашықбаева және де он төрт жылға сотталған жігіті Жамбыл Тайжұмаев түрмеде отырса да, оның ауылы - Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, «Пионер» совхозындағы Тайжұмаевтар әулетінің босағасына келін болып түсіп, дәстүр бойынша бетін ашып, сосын Жамбыл Тайжұмаевпен Қостанайдағы Құсмұрын түрмесінде некесін қиған Шолпандар - өскелең ұрпаққа шын мәнінде өнеге. Алматылық арулар ғана емес, өзге өңірлердегі қаракөздер де қарап қалмады. Айталық қарағандылықтар: Раушан Әлиева (ҚарМУ-дің студенті), Әлия Еркімбаева (ҚарМИ-дің студенті), Раиса Сәрсембекова (АТП бухгалтері); шығысқазақстандықтар: Гүлжан Кәрімразина (кооператив техникумының студенті); талдықорғандықтар: Анар Серкенова, Мәншүк Мусина (заң техникумының студенттері) сияқты тағы да басқа жер-жердегі жастар мен студенттер «ұлтшылдық» көзқарастары үшін қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл желтоқсан көтерілісінің сол кездегі Қазақстанның астанасында ғана емес, облыс, аудан орталықтарында - яғни, аймақтарда да жалғасқандығының бір көрінісі", -деді ол.

Міне, «Желтоқсан қарлығаштарының» біз байқаған ерліктері осындай болды деп атап өткен ол: "Жоғарыда аталған деректердің өзі қазақ қыздарының сын сәтте ерлермен қатар тұрып, ел намысын қорғағандығын, одан кейінгі қиямет уақытта да ерлерге демеу, елдікке тіреу болғандығының айқын көрінісі іспетті", -деді.

"Жалпы желтоқсан көтерілісі турасындағы естеліктерді, бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын және 10 томдық «Конституциялық Соттың желтоқсан оқиғасы туралы ісін» мұқият зерттеушілер болашақта бұдан басқа желтоқсандық қыздардың асқақ тарихымызды айшықтай түскен деректерін табатынына сенімдіміз. Тек сол дүниелер шаң басып жата бермей халқымыздың рухани айналымына қосылса игі. Осы тұрғыда одан әрі «Желтоқсан қарлығаштарының» тағылымын кеңірек таразылау біздің парызымыз", -деп өз пікірін білдірді Болатбек Төлепберген.

Ол сонымен қатар: "Біз білетін желтоқсан осы уақытқа дейін санаға қорқыныш ұялатып, көкейге үрей туғызып келгені анық. Арагідік теледидар мен кино ленталарынан көріп қалатын қызыл-ала алаң мен қанға бөккен жастардың бейнесі басқаша ой туғызбасы белгілі. 1986 жылғы желтоқсан айының суық ызғары тәнге діріл егіп, көкірекке қарс айырған өкініш әкеліп қоймай, сол кезден бері қаншама уақыт өтсе де қос-үрей күйге түсіргені бүгінде көмейге өксік әкеледі.

Бүгінгі жас ұрпақ Желтоқсанда жастар алаңға тәуелсіздікті ту етіп шыққанын, келер ұрпақтың ұсқынына алаңдаған ұландар ұлттың намысын жанитын ұрандар көтергендігін білуі керек. Олар "Әр ұлтқа - өз көсемі!" қажеттігін талап етті. Алайда, зайырлы-демократиялы мемлекет болуға деген талпыныс қатты тойтарысқа ұшырады. Амал не, олар армандаған сөз бостандығы, адам құқығы деген құндылықтардың күлпаршасы шығып, аяусыз аяққа тапталды. Кіршіксіз пәк жауқазын жастар таяққа жығылды, тағдырлары талапайға түсті. Дегенмен үміт бар екен. Тәнге түскен жара жазылды, тарылған тыныс кеңейеді. Ең бастысы, биік оптимизм мен өршіл рухтың сенімін жоғалту мүмкін емес. Бұған желтоқсанда шыңдалған ерлік пен елдіктің көріністері айқын дәлел бола алмақ. Қадап айтқанда, желтоқсандағы зиялы қауым өкілдерінің өз азаматтық ұстанымдарын қаймықпай білдірулері мен басқа да қарапайым азаматтардың жастарға араша түсуі, сондай-ақ желтоқсанның басты кейіпкерлерінің ерлік әрекеттерімен қатар, айрықша айтарлығы, сол кездері елдіктің ұйтқысы болған қазақ қыздарының қайсарлығы - бүгінгі ұрпаққа сабақ. Ендеше, уақыт тезінің тәлкегіне қаймықпай қарсы тұра білген өршіл рух пен өміршең идея - ұлттық мүддені алға сүйреп, қайраты кеміп, қажыса да азаматтық бет-бейнесін жоғалтпаған азаматтар турасында сыр шертілуі қазіргі қоғам үшін де қажет-ақ. Желтоқсанның сол бір ызғарлы желі соғып өткенде зиялы қауым қалайша қарекет етті, жазықсыз жала жабылып, жапа шеккен жастар не қам қылды? Сонда, жалпы, басы шатылып, тағдыры тәлкекке ұшыраған қазақ ұлысы өзін қалай ұстады? Міне, осы сауалдардың жауабы содан бері қанша уақыт өтсе де қызғылықты, әрі маңызды", -дейді ол.

Сол себептен де бұл тарихи оқиға жайында қалам тербеуге барған кітаптың авторы Болатбек Төлепбергеннің айтуынша кітап негізінен желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ қыздарының қайсарлығына арналған. «Біз желтоқсан көтерілісіне қатысты толыққанды мағлұматты нақты деректермен қатар, сол желтоқсандық қыздардың өз аузымен айттыруға тырысып, желтоқсан көтерілісінің бізге беймәлім қырларын қамтуға ұмтылдық. Кітапқа көтерілістің тұтануына түрткі болған жайттардан бастап, желтоқсандық қаһарман қыздардың тізімдері мен олардың естеліктері кірді. Бұл кітап сол тарихы оқиғаны зерттеудегі бір шеті ғана»,-деді Б. Төлепберген.