«Желтоқсандықтардың біразы жатақханада жүр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 желтоқсан, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

16 желтоқсан күні Қазақстанда ұлттық мереке - Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Бұл күн еліміздің мемлекеттік егемендігін алу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда ерекше маңызға ие. Кез келген халық үшін мемлекеттілік - оның өмір сүруі үшін басты шарт болып табылады, оның тағдыры, бүгіні мен келешегі осы мемлекеттілікпен етене байланысты. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Роговтың «Қастерлі құндылық» деген тақырыппен мақаласы жарияланды. Мақала авторы ел тәуелсіздігі оның Конституциясымен тығыз байланысты, өйткені, ол ұлттық саяси-құқықтық жүйенің ұйытқысы, мемлекеттілік пен ел егемендігінің, заңдылық пен құқық тәртібінің заңдық негізі, барлық заңнама негіздері, құқық қолдану тәжірибесі, сондай-ақ, мемлекеттік-құқықтық қайта құрулар мен ел дамуында арқа сүйейтін іргетас болып табылатындығын атап өткен. «Егемен Қазақстанның құқықтық жүйесіндегі алғашқы прогресшіл жаңа енгізілімдердің бірі конституциялық бақылау институтын құру болды. Қазір оны конституциялық заңдылықты, яғни тұтастай алғанда барлық заңдылықты сақтауда маңызды рөл атқаратын Конституциялық Кеңес жүзеге асырады. Оның қызметі Негізгі Заңның нормаларын өмірге енгізуге және оның әлеуетін арттырып, аша түсуге бағытталған. Өткен жылдар ішінде Конституциялық Кеңес өзінің білікті шешімдерімен еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты», - деді И.Рогов.

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік, қоғамдық жұмыстар мен ғылым мен өнерде қол жеткізген айрықша табыстары үшін Мемлекеттік сыйлықтар мен атақтар тапсырды. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Ең лайықтыларға - елдің ерекше құрметі» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Елбасы Н.Назарбаев алдымен жиналғандарды еліміздің ең басты мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтаған. «Қазақта «Еңбегіне қарай құрметі» деген қанатты сөз бар. Қалыптасқан дәстүр бойынша мен бүгін - Қазақстанның ұлық мерекесінің қарсаңында елімізге айрықша еңбек сіңірген азаматтарға мемлекеттік марапаттар тапсырамын», деген Президент Мемлекеттік сыйлық мемлекеттің өсіп-өркендеуіне жан аямай үлес қосып жүрген азаматтарға берілетінін атап көрсеткен.

***

Мемлекеттің тәуелсіздігі үшін оны сол елдің жариялауы аз, оны халықаралық қауымдастық мойындауы тиіс. Осы орайда Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов «Айқын» газетіне сұхбат беріп, осыдан 22 жыл бұрынғы оқиғаларды ой елегінен өткізген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұшымды жауап берген ол: «Дипломат» дегенде ақ жағалы қызметкерлер елестейді. Шын мәнісінде, біз күні-түні қара жұмыс істедік. Делегация елге ағылып жатты. Қарым-қатынас күрт ұлғайды. Ал Сыртқы істер министрлігі құрылымы қалыптаспаған. Аппаратта - 14-15 адам ғана бар. Бірде-бір шет мемлекетте елшілік жоқ. Ақша жетпейді. Соған қарамастан, үкімет осы салаға қаржы бөлді. Сонан кейін еліміздің ең алғашқы өкілдігі Нью-Йорктегі БҰҰ-да ашылды. Үш жылда әлемнің 15 елінде Қазақстанның елшілігі жұмыс істей бастады. Алғашқы елшілерді тағайындап, басқа елдерге жібердік. Тек бір-екі жылдан кейін ғана министрлікте жұмыс арнасына түсе бастады», - дейді. Сұхбат «Бәрін ақ қағаздан бастадық» деген тақырыппен берілген.

Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы Серік Мұхаметалин - 1986 жылы алаңға шығып, желтоқсанның ызғарына шыдаған жандардың бірі. Ол кезде нағыз жастықтың жалындап тұрған шағы 25 жаста ғана болған. Қазір «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық төрағасы. Осы азамат «Айқын» газетінде сол бір қиын-қиыстау кезеңдерді еске алған. «Қандастарыңды итке талатып, қарындастарыңның шашынан жұлып, тепкілеп, қырып-жойып жатқанда, расымен, өңім бе, әлде түсім бе деп қаласың. Оның үстіне, қанталап жатқан денемізге қақаған аязда өрт сөндіру көліктері су шашты. Осы көтерілістің кесірінен қаншама жас қыз-жігіттеріміз қыршынынан қиылды, қаншамасы жараланды, кейін түрлі ауруларға ұшырап, қыздарымыз сәби сүю бақытынан айырылды», деп күйінеді желтоқсанның қасіретін еске алып. «Алайда бүгін осы желтоқсандықтарды кейбірі мойындай бермейтіндігін айтып қынжылады. Қазір ағамыз жекешелендіріп алған бір бөлмелі жатақханада тұрады, бірақ айтуынша, ондайлардың қарасы көп екен», - дейді басылым. Мақала «Желтоқсандықтардың біразы жатақханада жүр» деген тақырыппен берілген.