Желтоқсаншы: Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, біз оны құрметтеуіміз керек

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Нұрлыбек Қуанбаев алматылықтарды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік деген ұғымның өзі киелі. Бүгінде әлемде шамамен 2000-ға жуық ұлт мен этникалық топ бар. Қазіргі уақытта БҰҰ-да барлығы 195 тәуелсіз мемлекет екен. Ойлап қарасақ, 2000 ұлттың ішінде тек 200-інде ғана тәуелсіз мемлекет бар. Оның ішінде біз де бармыз. Қаншама ұлт мемлекетсіз, жерсіз туын тікті. Тәуелсіздік – қасиетті ұғым және біз оны құрметтеуіміз керек», — дейді Н. Қуанбаев.

Сонымен қатар, ол келешек ұрпаққа үлкен үміт артылғанын жеткізді.

«Біздің халқымыз өсіп, өркендей берсін деп тілеймін, ал Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Сіздерге Тәуелсіздіктің бақытты күндерін, мықты денсаулық, барша игілік пен жарқын болашақ тілеймін! Біз еліміздің келешек ұрпағына үлкен үміт артамыз. Ел болашағы жастардың қолында», - деп атап өтті ол.

Еске сала кетейік, кеше Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою салтанатты шарасына қатысқан болатын.


Фото: www.facebook.com/nurlybek.kuanbaev