Идея авторларының айтуынша, Астананың 20 жылдығына орай ерекше сый жасау мақсатында халық арасында «Астанамен сізді не байланыстырады ?» деген сауалнама жүргізілген.
Сауалнама нəтижесі бойынша қала тұрғындары Астананы бейбітшілік пен келісім орталығы деп есептейтіндігі белгілі болды. Осыған орай ұйымдастырушылар жеміс-жидектер мен көкөністерден пирамида (Бейбітшілік пен келісім сарайы сұлбасы) жасауды ұйғарған.
«Инсталляцияның сұлбасын жасауға бір апта уақыт кетті, ал жеміс-жидектер мен көкөністерді сəндеуге 4 сағат уақыт жұмсалды. Пирамиданы тұрғызуға барлығы 100 келіден аса жеміс-жидектер мен көкөністер жұмсалды жəне осы жұмысқа 6 адам жұмылдырылды», деді бас аспаз Артем Канцев.
Оның сөзінше, Қазақстанның əр өңірінде өзіне тəн өсетін жеміс-жидектер мен көкөністер бар.
«Біз солардан ынтымақтастық пен келісімді білдіретін бейне жасадық, одан бөлек пирамиданың үстінде тайқазан орналасқан. Ал қазақ халқында қазан ауызбіршілік, молшылықтың белгісі саналады», дейді ұйымдастырушылар.
Шара Астана қаласы Сарыарқа аудандық әкімдігінің қолдауымен жəне «Qazaq gourmet» мейрамханасының ұйымдастыруымен Астананың 20 жылдығына арналып өткізілді.
Көрсетілім соңы концертке ұласып, жеміс-жидектер мен көкөністер жиналған қауымға таратылды.