Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, инфекциялар, көбінесе, ет, жұмыртқа, сүт өнімдері, салаттар, кремді-кондитерлік өнімдер сияқты тағамдарда тез таралады.
«Сондықтан ондай тамақты бөлме температурасында бір сағаттан асырмай сақтау қажет. Ал тоңазытқышта сақтау мерзімі - 6-12 сағат. Дайын тамақты дастарханға қоярдың алдында жақсылап тұрып қайнатып алған дұрыс. Салаттарды аздап істеу керек. Қанша жейсіз, сонша істеу керек. Негізі, ең қауіпті тағамдар ол - майонез немесе қаймақ қосылған салаттар. Себебі дәл сондай тағамда микроағзалар тез тарайды. Сосын кремді-кондитрлік өнімдер де қауіпті. Әсіресе, жұмыртқадан жасалған кремдер тез бүлінеді. Бұдан бөлек, құс өнімдері де бар» - деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Бас санитарлық дәрігер жеміс-жидек пен көкөністердің қауіпсіздігіне де тоқталды.
Оның айтуынша, құлпынай, жүзім, сары өрік, қара өрік, шие сияқты жеміс-жидекте инфекция көп болады.
«Оны жуу қиын. Оған қоса, тазарту керек. Сондықтан дәл осы жеміс-жидекті жақсылап тұрып жуу қажет. Алдымен ыстық суға салған дұрыс. Сосын салқын сумен шаю керек. Бұдан бөлек, ас содасын сумен араластырып, арнайы ерітінді жасауға болады. Соған жеміс-жидек пен көкөністі 2-3 сағатқа салса, зең, грибок сияқты қауіпті заттар кетеді. Негізі, бұл - жақсы дезинфекция. Содамен жуғаннан кейін сумен шаю керек. Сонда балаларға қорықпай беруге болады», - деп атап көрсетті Ж.Бекшин.
Айта кетейік, Ж.Бекшин жаз кезінде той тағамдарын дайындау қауіпсіздігіне де тоқталды. Оның айтуынша, алдымен аспазшылардың кәсіби дайындығын тексеріп алу қажет. Бас аспазшыда санитарлық кітапша болуы тиіс. Сырттан адам тартуға болмайды. Ыдыс-аяқты жуып тұратын адамдардың саны да жеткілікті болуы шарт.
«Сосын тамақты сақтайтын арнайы құрал-жабдықтардың бар-жоғын тексеріп алған жөн. Дайын тұрған тамақ тоңазытқышта сақталуы қажет. Мейрамxанада ыстық су болуы тиіс. Тазалыққа баса мән беру керек. Негізі, тамақ жасайтын жердің санитарлық жағдайы жаппай улануға себеп болып жатады. Тойдың дастарқанын бір сағат бұрын жасаған дұрыс. Одан ерте жайылса, дайын тамақта микроағзалар тез өседі. Содан адам уланады. Әрине, тамақ өнімдерінің сақтау мерзімін үнемі бақылап отыру қажет», - деп атап көрсетті Ж.Бекшин.
Бұдан бөлек, Бас санитарлық дәрігер тойда жаппай уланудың басты себебін атады.