Жемісін ел көретін жетістіктер - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 2 шілде, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Соңғы жүзжылдықта қазақтың жұлдызын ерекше жарқыратқан бір тұлға бар. Ол - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы « Жемісін ел көретін жетістіктер » атты мақаласында.

Мақала авторы Парламент Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаевтың жазуынша, Елбасы қазақ деген халықты әлемге танытып, өзгемен тере­зе­мізді тең етті.

«Маусым айының соңғы апталары қазақстандықтар үшін толайым табыстарға толы бол­ды. Біз Дүниежүзілік сауда ұйы­мына мүше болып кіру жолын­­­дағы ұзаққа созылған келіс­сөздерді табысты аяқтадық. Сөйтіп, әлемдік сауда-саттықта өзге­лермен тең дәрежеде болу­дың мүмкіндігін алдық. Қазақ­станның бұл жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі екендігі сөзсіз. Мемлекет басшысы ДСҰ-ға мүше болып кіру­дің қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш, үлкен жеңіс екен­дігін атап өткен болатын», дейді ол. Бүгінде қазақстандықтар «Мәңгілік Ел» идеясының төңі­регіне тығыз топтасуда. «Мәң­­гілік Ел» идеясы көне дәуір­лер­ден бері қазақ халқының тари­хи жадында сақталған, асыл аң­са­ры, арманы болғандығы анық. Бірақ, бұл идея халықтың санасында көмескіленіп келе жатқан болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сол идеяны қайта жаңғыртып, ұлттық идеология деңгейіне көтерді.

Халықты бір идеяның төңі­регіне топтастыра білу - Елбасы саясаты жемістерінің бірі. Нәтижесін қазір халық көріп отыр. Бұқараның Президентке разы болатыны да, оның саясатын бірауыздан қолдап, Елбасына сенетіні де содан. Елбасы жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асыру жолында барша халық аянып қалмақ емес. Өйткені, бұл реформалар елімізді құзар шыңдарға бастайтынына көзіміз жетіп отыр, дейді сенатор.

Аталған басылымда « Тұрғын үй - өмір сапасының айнасы» деген тақырыппен «Ас­тана қаласының Тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік ме­кемесінің басшысы Руслан Ахметовпен болған сұхбат беріліп отыр.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Азамат­тардың өмір сапасының озық көрсеткіші - тұрғын үй жай­лылығының деңгейі» деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай, еліміздің бас қаласында азаматтардың тұрғын үй жағ­дайларын жақсартуға, апатты және ескірген үйлердің орнына қолайлы жаңа пәтерлер салу мәселесіне ерекше басымдық берілген. Елорданың қарқынды дамуы қаламызда өскелең та­лапқа сай тұрғын үй рыногын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Баспана мәселесі адам өміріне ерекше ықпалы бар тұрмыстық ахуал екені белгілі. Осыған байланысты біздің басқарма өзіне жүктелген міндет жүгінің қаншалықты жауапты екендігін жете сезіне отырып, сапалы жұ­мыс атқаруға күш салады», - дейді Р. Ахметов өз сөзінде.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін елорда бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алуға мұқтаждар кезегінде 37 688 адам тіркеуде тұр. Бұл ретте пайдалануға берілген тұр­ғын үйлерден пәтерлер беру мәсе­лесі тек кезек реті келгенде ғана жүзеге асатындығын, пә­терге мұқтаждар тізімінде тұрған аза­маттардың құқықтары тең екен­дігін ерекше атап көрсету керек. Елімізде баспанаға мұқтаж тұрғындардың неғұрлым басым көпшілігін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Үкіметіміз 2014 жылы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Елбасының «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындаған мін­дет­терге байланысты аталмыш бағдарлама одан әрі кеңей­тілді. Осы бағдарлама аясында Астана қаласы бойынша, 2014 жылы мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан 927 пәтер бөлінсе, 2015 жылдың өткен бес ай ішінде астаналықтардың тұр­ғын үй жағдайларын жақсарту мақ­сатында 590 пәтер бөлінді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағыты бойынша осы пәтерлердің ішінде 1218 пәтер сатылды, дейді ол.

***

Таксилерді бір түске бояу төңірегіндегі әңгіме тағы қоз­ғалды. Бұл жолы бастаманы «Ор­тақ жол» жол қозғалысы қауіп­сіздігі қауымдастығы көтерді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Түрлі-түсті TAXi-лер...» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, «Заң­дастырылмаған такси қыз­метін қолданатын азаматтарға қарақшылық шабуылдардың көбеюіне байланысты, сонымен қатар заңсыз таксилермен күрес мақсатында қауымдастық Үкі­метке жеңіл таксилердің сырты сары түске боялуы қажеттігі туралы ұсыныс жолдайды» деді қауымдастық төрағасы Шәкуов.

Күні кеше қабылданып, енді қайтадан толықтырулар мен өзгерістер енгізілгелі жатқан «Жол қозғалысы туралы» заңды «қо­парып» жатқан жұртқа ұсыныс жасаған қауымдастық таксилерді бір түске бояу арқылы, олардың қызметін де дұрыс жолға қоюға болатындығына кәміл сенеді.

Бір қызығы, әлемнің дамыған бірқатар елдерінің телевизиясында жоғары рейтинг спорттық бағдарламаларда екен. Бірақ тек спортшылардың өмірбаянын, халықаралық деңгейдегі спорттық шараларды көрсететін бағдарламалар емес, спорт түрлерін негізге алатын әртүрлі танымдық ойын-сауық жобалар, деп жазады аталған басылым «Спорттық бағдарламаға сұраныс жоқ па?» деген мақаласында.

Мәселен, алғаш рет 1962 жылы Францияда «Intervilles» (қалааралық) деген атаумен пайда болған, отандық телевизияда төрт маусымын ұсынған «Намыс дода» жобасының аудиториясы 2 млрд адам. Бұл телешоу әлемнің отыз­дан астам еліне танымал. Бір­шама мемлекеттер қатысатын спорт­тық-танымдық бағдарла­маның негізін сол жылдары Фран­цияның президенті Шарль де Голль қалады. Оның мақсаты - халықтар достығын нығайтып, Еуропа жастарының көңілін көтеру. Мұндай аудитория тек Олим­пиада ойындарында жина­лады. Бұл телевизия дамуындағы әлемдік барлық тенденцияларға сәйкес келетін ірі көлемдегі және жоғары сападағы жоба деп айтуға болады. Биыл Қытайдың Хайнань ара­лында әлемге танымал «Намыс дода» спорттық-танымдық теле­шоуының кезекті түсірілімі өтуде. Бұл сыннан отандық спорт және өнер жұлдыздарынан жасақталған Қазақстан командасы құр қал­мады. Биылғы ойында Қазақ­станнан бөлек, Қытай, Венгрия, Франция және Алжир елінің командалары бақ сынауда. Бұған дейін Қазақстан осы шоуға үш рет қатысты. Ұлттық арнаның дере­гіне сүйенсек, 2007 жылы - 4-орын, 2008 жылы - 2-орын, ал 2012 жылы - 1-орынды иеленген. Жарысқа әр елден спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары, эстрада жұлдыздары қатысады. Мәселен, «Же­тінші» арнадағы «Экстремалы», «Жанкештілер жарысы», «Фактор страха» сынды спорттық ойын-сауық бағдарламалары бірнеше жыл көлемінде үздіксіз көрсетіліп келеді. Демек, рейтинг жоғары. ***

Қымыздың дертке дауа қасиеттері атам замаманнан белгілі. Дегенмен оның тек жаз айларында ғана дайындалатыны қолбайлау болып келген. Енді ол неміс технологиясының арқасында жыл мезгілінің қай кезінде де дастарханнан табыла алады. Бірақ ол құрғақ түрде сақталады, деп жазады «Экспресс К» газеті «Порошок? Хорошо!» атты мақаласында. Газеттің жазуынша, жаңа технология кезінде ҚАРЛАГ тұтқыны болған Ганс Зольманның әзірлемелері арқылы жасалған. Ол тұтқын кезінде туберкулезбен ауырып, жергілікті қазақтар оны қымызбен жазып алған екен. Еліне қайтқан соң Ганс жылқы фермасын ашып, қымыздың қыр-сырын меңгерген. Қазір оның жұмысын ұрпақтары жалғастыруда. Олар енді Қазақстанға да келіп, өз істерін кеңіте түспек екен. Олар өндіретін құрғақ ұнтақ биенің саумалынан алынады. Өндірушілердің айтуынша, осы технологияның арқасында ұнтақталған саумал өзіне тиесілі қасиеттерді еш бұзбай, ұзақ уақыт сақтай алады. Ұнтақты балалардың тамағына, түрлі кремдер мен сабындарға қосуға болады. Өндіріс жылына 10 тонна ұнтақ өндіруді жоспарлап отыр.