Жемқорлар жымқырған қаржыға салынған мектеп — фоторепортаж
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі журналистерге жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынып жатқан әлеуметтік нысандарды көрсетті.
Астана қаласы № 97 мектеп гимназиясы директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Айгүл Біржанованың сөзінше, білім ордасы былтыр 8 қаңтарда ашылған.
— Біздің мектеп 2024 жылы 8 қаңтарда пайдалануға берілді. Білім ошағы жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынды. Мектеп құрылысына шамамен 4 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір 2463 оқушы екі ауысымда қазақ және орыс тілінде білім алып жатыр. Мектеп бойынша 131 бейнебақылау камерасы қойылған, оның ішінде 24 бейнебақылау камерасы жедел әрекет ету орталығына тікелей қосылған. Сонымен қатар әр кабинетте дауыс қосылған бейнебақылау камерасы қойылды, — деді Айгүл Біржанова Антикор ұйымдастырған баспасөз туры барысында.
Оның айтуынша, бұл мектептің ерекшелігі балаларды ұлттық құндылық, яғни дәстүрге баулиды. Сондай-ақ білім ошағы заманауи талапқа сай келеді.
— Балаларды ерте жастан ұлттық дәстүрге баулимыз. Оқушыларды тұрғылықты мекенжайы бойынша қабылдаймыз, — дейді ол.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері директор орынбасарынан оқушылар мектептің жемқорлар жеген ақшаға салынғанын біле ме деп сұрады.
— Әрине, оқушылар да, ата-ана да біледі, — деп қысқа қайырды Айгүл Біржанова.
Бұған дейін Антикор өкілі жемқорлардан тәркіленген 153,3 млрд теңгеге мектеп салынатыны туралы мәлімдеген еді.