Көлік министрлігі жемқорлардан қайтарылған қаражат қорынан 9,3 млрд теңге сұрап отыр

Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутатының сұрағына берген жауабында Павлодар қаласындағы әуежай қашан жөнделіп бітетінін айтты.

Үкімет басшысының мәліметіне қарағанда, Павлодар әуежайына жасанды ұшу-қону жолағын, рульдеу жолағын салып, перронын реконструкциялау үшін «Kyrylys Group RK» ЖШС-мен 16,4 млрд теңгенің шарты жасалған. Осы шарт аясында 2024 жылы Ұлттық қордан 4,8 млрд теңге бөлініп игерілсе, биыл 2 млрд 258 млн теңге қарастырылған. Оның 627,4 млн теңгесіне материалдар мен жабдықтар сатып алынып, 833,6 млн теңгесіне құрылыс-монтаждау жұмыстары жасалған. Тағы 43,2 млн теңгеге инжинирингтік қызметтер жүргізілген.

Қалған ақшаға периметрді қоршау мен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Мердігер тарапынан жұмыстың қалдық түрлері бойынша актілерге қол қойылады (орындау жұмыстың жалпы көлемінің 44% құрайды). Жобаны аяқтау үшін 9,3 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу қажеттілігі туындап отыр. Көлік министрлігі Қаржы министрлігіне Павлодар қаласының әуежайын қайта құру жобасы үшін арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы ұсыныстар енгізді. Жалпы жобаны бюджет комиссиясы қолдап, 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет есебінен қаржыландыру туралы шешім қабылдаған. Құрылыс маусымының аяқталуын және өңірдің климаттық жағдайын ескере отырып, жобаны түпкілікті іске асыру 2026 жылға жоспарланған, — деп жазады Олжас Бектенов.

Бұған дейін қайтарылған активтердің 10 миллиард теңгеден астамы Абай облысына су тартуға бөлінгенін жазған едік.