Жемқорлардан қайтарылыған қаражатқа қанша мектеп салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа мектептердің басым бөлігі ауылдарда салынып жатыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлім етті.

Фото: Kazinform\ЖИ

— Тағы бір жүйелі шара — Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры. Қор сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардан қайтарылған қаражат есебінен қаржыландырылады. Қор ресурстары 90 білім беру нысанының құрылысына бағытталып, нәтижесінде 100 мыңға жуық оқушы орны ашылды. Бүгінде осы нысандардың 83-і пайдалануға берілді, ал қалған жетеуінің ашылуы осы жылдың соңына дейін жоспарланған, — деді Жайық Шарабасов.

Сонымен қатар ол оқушыларға арналған жаңа орындарды қамтамасыз ету әртүрлі қаржы көзінен қарастырылғанын айтты. Соның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерден, қосымша қаржылық тетіктерден, сондай-ақ білім беру нысандарын салуға және қайта жаңартуға бөлінетін Арнаулы мемлекеттік қор мен Инфрақұрылымдық даму қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады.

— 2026 жылы мектеп инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта елде жалпы сыйымдылығы 59 300 оқушы орнына есептелген 101 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде 85 мектепті осы жылдың соңына дейін, ал қалған 16 мектепті 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Айта кетейік, салынып жатқан мектептердің 56-сы ауылдық жерде орналасқан, — деді вице-министр.

Бұған дейін елде үш ауысымдағы мектептер мәселесі қашан толық шешілетінін жазған едік.