Жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен 89 мың оқушыға орын ашылды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы қаражат есебінен жаңадан білім беру ұйымдарын салу, жаңғырту немесе мектептерге жапсарлас құрылыс салу жүзеге асырылып жатыр.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Бүгінгі таңда қор қаражаты есебінен 89 мың оқушы орнына арналған 81 мектеп пайдалануға берілді. Нысандардың басым бөлігі Алматы, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, — делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен барлығы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру ұйымының құрылысы қаржыландырылды. Бұл шаралар еліміздің білім беру жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Осыған дейін Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында Ата заңға жемқорлардың сайлану құқығын шектейтін норма енгізуді ұсынды.