«Жемқорлардың «қара тізімі» жасалды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Дағдарысты еңсеру өз қолымызда» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Елбасының тапсырмасымен осы жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралып, Үкіметтің алдына барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл - алдағы уақытта халқымыздың әл-ауқатын төмендетуге жол берілмейді деген сөз. Өз Жолдауында Президентіміз өмір өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі ретінде жол мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Елімізде алдағы кезде тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны ашылмақшы. Бұл халықтың жұмыспен қамтылуын елеулі түрде жақсарта түседі, жүк тасымалы да жеделдетіліп, ұлғайтылады, адамдар республикамыздың кез келген өңіріне тез және қауіпсіз жететін болады»,-деп жазады Сенат депутаты Серік Біләлов.

Бас басылымда «Иран - Қазақстан: Достық ауанындағы байланыстар байламы жоғары» деген тақырыппен Иран Ислам Республикасы елшілігінің Орталық Азия елдері бойынша маманы Хасан Каррабидің мақаласы басылды. «Өткен бір жыл ішінде екі мемлекет басшыларының екіжақты және көпжақты бағдарламалар аясында жеті рет кездесуі, тараптардың байланысындағы қолайлы әрекетті аңғартады, осы саяси жақындық іс-жүзінде, атап айтқанда, экономикалық және халықтар арасындағы алыс-берістегі екіжақты ынтымақтастықтарды дамытуға әсерін тигізеді деп үміттенеміз»,-дейді ол.

***

«Ауыл шаруашылығы министрлі­гінде жемқорлар мен қолы арам, ниеті қарау жандар «қара тізімге» алыныпты. Бұл туралы кеше мәлім болды. Осы күні АШМ мен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалысы» ын­тымақтасуға келісіп, тиісті мемо­рандумға қол қойды. Оған сәйкес, екі мекеме ауыл шаруашылығы саласын­дағы коррупциялық көрі­ністермен бірлесіп күреспек»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Жемқорлардың «қара тізімі» жасалды» атты мақаласында. Соңғы кездері жемқорлыққа қатысты дау-жанжалдар ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің түңлігін дауылдай жел­пілдетіп тұрғаны мәлім. Осыған орай ве­домство 2013-2014 жылдар ішінде АШМ-нің орталық және бағынысты ұйым­дарының қызметкерлері жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзу­шы­лықтарына талдау жүргізіп шығыпты. Соның нәтижесінде, «осы уа­қыт аралығында тәртіптік және қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылған адамдардың аты-жөндері нақты жазылған тізім жасалды». Бұған қоса, өткен жылы ең көп кор­рупциялық құқық бұзушы­лық­тарға жол берген облыстық аумақ­тық инспекция басшылары жұмыс­тарынан қуылуы мүмкін: оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша бүгінде шаралар қабыл­дануда екен.

Осы басылымда «400 адам жауапқа тартылды» деген мақала берілген. Алматы облысында бір айдың ішінде қару сақтау ережесін бұзған 400-дей адам жауапқа тартылды. Ішкі істер министрлігі бұдан бұрын жылдың аяғына дейін тұрғындардың қолында заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізілетінін хабарлаған болатын. Осы шараға байланысты Алматы облыстық департаменті қаңтар айының ішінде тұрғындардың қолындағы әртүрлі мылтық түрлерінің 735 данасын жинап алды. Оның ішінде 270 қаруды облыс тұрғындары ерікті түрде өткізген, ал заңсыз сақталған 40 мылтық және 366 дана мылтықты сақтау және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін ресми иелерінен жинап алынған. Қарулардың ең көп шыққан жерлері Талғар, Кербұлақ және Сарқан аудандары екен. Полиция ұйымдастырған тексеру барысында 392 қару иелері әкімшілік жауапқа тартылып, ірі көлемде айыппұл салынған, қарулардың бір бөлігін жинап алған. Жедел шара ба­рысында облыстық полицейлер заңсыз сақталған 38 қаруды (аңшы мылтығы, шолақ мылтық, винтовкалар), олардың 3-еуі ойық ұңғылы, 29-ы тегіс ұңғылы, 1-еуі газбен атылатын тапанша және 5 травматикалық тапаншаны тәркілеген. Сондай-ақ, заңсыз айналымнан ойық ұңғылы мылтықтың 304 оғы, 9 тротил қорабы түріндегі жарылғыш зат алынған. Осы фактілер бойынша арнайы сарапшылардың тағайындалуымен тиісті тергеу жұмыстары жүргізілуде.

***

«Экспресс-К» газетінде «Грузчик в шоколаде» деген материал жарияланды. Оңтүстік Қазақстан облысында 29 мың шоколад батонын ұрлағаны үшін екі ер адам ұсталды. Жымқырылған тәттілердің жалпы құны 1,5 млн. теңгеден асып түскен екен. Жетісай қаласының бизнесмені қоймадан шоколадтың ірі көлемі жоғалғандығы жөнінде полицияға хабарлаған. Бұл ұрлық бойынша екі жүк тиеуіш жігіт күдікке ілінген екен. Тергеу амалдары барысында олар өз істерін мойындаған. Олар қойма кілттерінің көшірмесін жасап, екі ай бойы ұрланған тәттілерді сауда орындарына сатып келген.