Жемқорлық туралы хабарлаған алматылықтарға 1,2 млн теңге сыйақы берілді

Фото: Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жемқорлық туралы хабарлаған екі адамға 1,2 млн теңге сыйақы берілді. 

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Арман Рахимовтың айтуынша, жыл басынан бері жемқорлықпен күреске бағытталған 66 іс-шара өтті. Оған 5 мыңнан астам адам қатысты.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру — біздегі басты басымдықтың бірі. Біз алдын алу, ағарту және азаматтық жауапкершілікке ерекше мән береміз, — деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің сөзінше, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында Алматыда 262 ерікті жұмыс істейді.

— Бұл жоба жастар арасында ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын насихаттайтын тиімді алаңға айналды, — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, ол биыл сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған екі адам 1,2 млн теңге сыйақы алғанын тілге тиек етті.

— 2024 жылы барлығы 9 азамат марапатталып, олардың алтауы 5,2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды, — деді департамент басшысы.

Еске салайық, қазақстандықтар жемқорлық туралы хабарлағаны үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады.